«Джунгли кітабы» фильмінің қазақ тіліндегі алдын ала көрсетілімі өтті

Әйгілі «Джунгли кітабы» хикаясының қаһармандары тұңғыш рет қазақ тілінде сөйледі. Кинокартинаның әлемдік премьерасы қарсаңында Астана және Алматы қалаларында фильмнің қазақ тіліндегі алдын ала көрсетілім өтті.
«Джунгли кітабы» - жабайы тропикалық орманда қасқырлардың арасында өскен бала туралы эпикалық шытырман оқиғалы кинофильм.
Қасқырлардың көкжалы Акела, аю Балу және қабылан Багира - осылардың әрқайсысы Мауглиге өзінше қамқорлық көрсетеді. Джунглидің қатал заңдарын түсіндіріп, аңдардың, құстар мен жыландардың тілін үйретеді.
Дубляж жасауға 10-нан астам қазақстандық әртіс қатысты. Басты қаһармандарды Бекболат Құрманғожаев (Багира), Ислам Зейноллаев (Шер-Хан), Айнұр Бермағанбетова (Каа), Ақарыс Әшімхан (Маугли) дыбыстады.
«Әрбір фильм ерекше және қайталанбайды. Мысалы, «Disney» компаниясы талаптарының бірі - арнайы студиялық қондырғының болуы. Кинокартина бес бөліктен тұрды. Олар жеке-жеке өңделіп, тікелей Голливудқа жолданды. Авторлық ойды нақты жеткізу үшін ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударылды», - дейді дубляж режиссері Айжан Жәмшитова.
Айта кетейік, фильм бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды.