Телеарна туралы

Еліміздегі ең ірі медиа құрылым «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамына кіретін «Balapan» телеарнасы 2010 жылы 27 қыркүйекте ашылды.  Арна кабельдік желіден эфирге шығады. Аудиториясы 0-8 жас аралығындағы балалар. Эфир уақыты 07:00 – 22:00 аралығын қамтиды. «Balapan» телеарнасы тек қана қазақ тілінде хабар таратады. Интернеттегі арнайы беті - balapan.tv

Телеарнаның басты мақсаты – балаларды отансүйгіштікке баулып, салауатты өмір салтын, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды, отбасы институтының маңызын, білім-ғылымды, төл тарихымыз бен мәдениетімізді дәріптейтін түрлі жанрдағы балалар контентін өндіру.

«Balapan» телеарнасының анимациялық жобалары ағылшын, испан және португал тілдерінде АҚШ, Латын Америкасы және Ресей мемлекеттерінің интернет платформалары арқылы көрсетілді.

Телеарна 2025 жылдан бастап толықметрлі анимациялық фильмдер өндіруді қолға алды. Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай «Шоқан. Қашқария сапары», шытырман оқиғалы «Желаяқ», көрермен көзайымына айналған «Тоқты мен Серке» мультфильмдері үлкен экранға жол тартты.

«Balapan» цифрлық кеңістікте де белсенді. Ресми Youtube арнасында 2,5 млн-ға жуық көрермен бар. Жалпы қаралым саны 1,1 млрд-тан асады. Телеарана 2017 жылы Youtube желісінің «Күміс», 2021 жылы «Алтын» батырмасын иеленді. 2017, 2023 жылдары ең үздік жобалар бәйгесінде топ жарып, «Тұмар» телевизиялық жүлдесін жеңіп алды. («Күлегеш», «Дәрігер Дана») 2024 жылы «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының «Даму және табыс» номинациясының иегері атанды. 2025 жылы арнаның шығармашылық ұжымы отандық журналистикадағы балаларға арналған контентті дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің алғыс хатымен марапатталды.


Әлеуметтік желілерімізге қосыл!