Бүгін Астана қаласында «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының 13-салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жыл үздіктері анықталған байқауда «Табыс және даму» номинациясымен «Balapan» телеарнасы марапатталды.
Биыл телеарна көрерменге 307 сериялы 17 анимациялық жоба мен 433 бөлімнен тұратын 18 телебағдарлама ұсынды.
2024 жылы әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың «Қашқария сапары» экспедициясына арналған шытырман оқиғалы 10 сериялы анимациялық мультхикаясы көрермендерге жол тартты. Сондай-ақ, «Мақтақыз», «Жігерлі достар», «Тұлым» сияқты анимациялық жобалар жарыққа шықты. Еліміздегі талантты балалардың басын қосқан «Дара бала» мегажобасы көрермен ықыласына бөленіп, жоғары рейтингке ие болды. 6 маусымдық тарихы бар «Тоқты мен Серке» мультсериалы алғаш рет толықметражды анимациялық фильм ретінде әзірленді.
«Balapan» телеарнасы қазақтілді аудиторияда 7,3% үлеспен 7-орында тұр. Ал YouTube платформасында арнаның 2 300 000-нан астам жазылушысы тіркеліп, жалпы қаралым саны 1,1 миллиардқа жетті.
2025 жылы «Balapan» телеарнасы өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мерейтойға орай «Balapan – 15 жаста» атауымен бірқатар арнайы іс-шаралар өткізілмек. Сондай-ақ арна көрерменге тарихи-танымдық «Сұлтан Бейбарыс» атты жаңа анимациялық сериал ұсынады.