📺 Атаулы күнге орай «Balapan» телеарнасынан мерекелік тікелей эфир ұсынылады.
Жаңа телевизиялық маусымда «Balapan» арнасының эфирінен «Бірге ойнайық!» атты шығармашылықты дамытуға бағытталған жоба жарық көреді. Балалар ұсақ моториканы жетілдіріп, үйдегі қарапайым заттардан бұйымдар мен ойыншықтар жасауды үйренеді.
Сондай-ақ кішкентай көрерменді батылдық пен ерлікке бастайтын «Желаяқ 3», шытырман оқиғаларға толы «Тоқты мен Серке 6» және «Томирис және сиқырлы әлем», достық пен бірлікті дәріптейтін «Жалын мен Мөлдір», жануарлар әлемі мен ұлттық дәстүрді танытатын «Ақылды тентектер 2», мектеп жасына дейінгі балаларға пішіндер, сандар, түстер мен жыл мезгілдерін қызықты оқиғалар мен әндер арқылы үйрететін «Жүйрік пойыз 2», есте сақтау қабілетін шыңдап, мақал-мәтелдерді күнделікті тұрмыста қолдануға баулитын «Ерке төлдер» мультхикаялары көрерменге жол тартады.
Сонымен қатар балалардың білім-ғылымға деген құштарлығын оятуды көздейтін тікелей эфирдегі «Қызық әлем» және ойын-сауықтық «Balapan live» бағдарламалары жаңа маусымда да жалғасады.