02 қазан 2018 жыл

Әбілмансұрдан хан Абылайға айналған тау тұлға

Абылай ХҮІІІ ғасырдағы мемлекет қайраткері, саясаткер, дипломат. Қазақ жерін біріктіруші аса көрнекті хан.

Абылай есімімен тарихта қалған оның азан шақырып қойған аты – Әбілмансұр.

Ел ішіндегі алауыздықтан Абылай 13 жасында ата-анасынан айырылып, жетім қалады. Бала Түркістанға барып, бас сауғалайды.

Өзінің шыққан тегін жасырып, атақты Төле биге қызметке жалданады. Әбілмансұрдың сұлбасына, алба-жұлба киіміне қарап, Төле би балаға «Сабалақ» деп ат қояды.

Әбілмансұрдың зеректігі мен батылдығын байқаған дана қарт жалшылықта жүрген жанның тектен-тек бала емес екенін түсінеді. Сөйтіп қазақ хандығының сол кездегі мүшкіл жағдайын айта отырып, хандық заңдылықтары мен саяси түсініктерге үйрете бастайды.

Кезі келгенде, Сабалақ та жоңғарлармен қарсы соғысқа аттанады. Жауынгер Әбілмансұр ерлігімен, ақылдылығымен көзге түседі. Жас баланы соғыс өнеріне үйреткен Қанжығалы Бөгенбай еді.

Қанжығалы Бөгенбай Әбілмансұрды алғаш Төле бидің шаңырағында көреді. «Көзің жанып тұр екен» деп, астындағы атын сыйлап, соғысқа аттандырады.

Ол Ұлытау маңында болған алапат шайқаста Жоңғар қолбасшысы Қалдан Сереннің мұрагері Шарышпен жекпе-жекке шығып, жеңіске қол жеткізеді.

Сол шайқаста Әбілмансұр «Абылай» деп ұрандайды. Халық оның хан тұқымы екенін ұғады.

Оның есімі халық арасына кең тарайды. Кейін билер мен сұлтандар да оны мойындап, соңынан ереді.

Абылай хан билермен ақылдаса келіп, бір орталыққа бағынған Қазақ хандығын құру керек екенін түсінеді.

Абылай ханның мойнында екі алып ел Ресей мен Цинь елінің ортасында тұрған Қазақ хандығын сақтап қалу міндеті тұр еді. Бұған қоса, Жоңғар шапқыншылығы да саябырламады.

Абылай үш жақты келісімшарт жасау арқылы сыртқы саясатты реттеді.

Алдымен Жоңғар хандығымен келісімге келеді. Соның нәтижесінде, Тарбағатай мен Іледе айырбас орталығы ашылады.

Бүгінгі шекараны нақтылап, белгілеп берген де Абылай еді.

1771 жылы қазақ би-сұлтандары жиылып, Абылайды хан көтереді.

Абылай хан туралы деректер Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде, сонымен қатар Ресей, Қытай мұрағаттарынан жинастырылды. Абылай хан әлі де зерттелуде.  

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!