11 қаңтар 2018 жыл

Дүниежүзілік рахмет күні!

Дүниежүзілік рахмет күні!

Бүгін Дүниежүзілік рахмет айту күні екенін білесіңдер ме? 
Бұл мерекені адамдар арасында сыпайылық тудырады деген ниетпен БҰҰ мен ЮНЕСКО бірауыздан қолдаған екен. Жылдың ең сыпайы күні бір-бірімізге рахмет айтып, көңілімізді көтеріп жүрейік. Жалпы, «рахмет» сөзінің мағынасына тоқтала кетсек, «рахмет» ризашылық сезімін оятқан жанға сіздің де ішкі жылуыңызды жеткізетін сиқырлы сөз. Психологтардың айтуынш,  алғыс айту адамдарды тыныштандырып, бір-біріне жылу сыйлайды екен. Қазақта «рахмет» сөзі «рахым ет», яғни Алланың рахымы болсын деген мағына білдіреді. Ал, орыстың «спасибо» сөзі 16 ғасырда  «спаси Бог» деген сөзінен бөлініп шыққан. Ағылшындардың  «Тhank you» тіркесі де жай алғыс айту сөзі ғана емес екен. Осыған қарап, қай тілде болмасын, «рахмет» сөзі әр халықтың тіл мәдениетінде үлкен орын алатынын байқауға болады. Мысалы, Жапония «рахмет» айтуда бірінші орында. Олар кез келген жақсылыққа ризашылығын білдіріп жатады. Жапондар тек рахмет айтып қана қоймай,  ым-ишарамен де білдіріп жатады. Бір үйге қонаққа барса, есіктен шығарда басын иіп, қонақжайлығы үшін үй иесіне ризашылығын көрсетеді. Ал, үнді елінде бір қызығы  отбасы мүшелеріне алғыс сөз айтылмайды.  Басқа жандардан сыйлық алған адам тек рахмет сөзімен шектелмей, жағымды сөздер айтуы қажет. Сондай-ақ, өз ризашылығын сыйлық ретінде білдіріп жатады.
Кез-келген мұңайып тұрған адамның  бұл сөзді ести сала жадырап шығатыны бәріне мәлім.  Игі іс тындырып, нәтижесінде осы сөзді естісек қуанышымыз еселене түседі. Күнделікті өмірде жиі айтылатын сөздердің бірі болғанымен, алғыс айту үшін арнайы күнді күтпей-ақ,  мүмкіндік болып жатса, жанымызға жақын жандарға  жақсы сөз айтудан жалықпайық. Бұл алдымен әдептіліктің белгісі. Көңілді жадыратып, жақсылыққа жетелейтін сиқырлы сөз «Рахметті» жиі айтып жүрейік. 

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!