29 қараша 2023 жыл

«Balapan» телеарнасына анимация өндірушілер 2024 жылға арналған жобаларын ұсынды

«Balapan» телеарнасына анимация өндірушілер 2024 жылға арналған жобаларын ұсынды

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының Көркемдік кеңесі бүгін «Balapan» телеарнасынан 2024 жылы шығатын анимациялық жобалардың ашық талқылауын өткізді. Питчингке отандық 22 компания қатысты. Компаниялар «Balapan» арнасының алдын ала ұсынған тақырыптық бағыттары бойынша 32 жобаның таныстырылымын жасады. «Balapan» редакциялық алқасы балалардың жас ерекшелігін, жобалардың жанрлық, тақырыптық алуандығын қамтуға тырысты.

Қатысушылар арасында танымал «САҚ», «Dala animation group», «QAZART media», «ANYZ FILM», «77 Ideas», «Idea cinema», «Ырысы Ақ Қазақстан», «AY Production» компаниялары бар.

 «Idea cinema» компаниясы балаларға қауіпсіздік ережелерін көрсетуге бағытталған, түрлі қауіп-қатер жағдайынан шығу жолдарын көрсететін «111» жобасын, «QAZART media» осы бағыттағы «Есіңде болсын, балақай!» анимациялық роликтер топтамасын таныстырды. «Kim company» ұсынған «Шынайы оқиға» анимациясы балалардың тарихи танымын арттыруды көздейді. Спортты насихаттауға арналған жобалар қатарында «Anyz film»-нің «Баскетбол» спорттық-мотивациялық мультхикаясы, «Golden frame» компаниясы таныстырған «Велошабандоздар» шытырман оқиғалы анимациялық сериалы бар.

«Balapan» арнасы балаларға ана тілін сіңіру миссиясын ұстанады. Ең алдымен кейіпкерлеріміздің тілінің таза болуына, оқиғалардың ұлттық мазмұнды қамтуына маңыз беріледі. Бүгінгі күні телеэфир арқылы балаларды күнделікті өмірге бейімдеу, балалар арасында қауіптің алдын алу, отбасылық құндылықтарды, этносаралық достықты насихаттау біз үшін маңызды», - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Басқарма төрайымы жыл сайын өткізілетін питчинг компаниялар үшін әділ бәсекелестікке мүмкіндік екенін, Корпорация нарыққа сапалы өнім ұсынып жүрген кез келген компаниямен жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

Питчинг қорытындысы бойынша «Balapan» көрермендерінің сұранысына ие болған, интернет платформаларда танымал «Тоқты мен Серке» жобасының бесінші маусымын, «Вундеркинд бала» жобасының екінші маусымын түсіру бойынша шешім қабылданды. Сонымен бірге түркі мифологиясы кейіпкерлерін заманауи интерпретациялайтын фэнтези жанрындағы «Ақжелкен» жобасы мен «Желаяқ», «Тұлым» анимациялық сериалдары жалғасын табады. Сонымен қатар, кішкентай көрермендерге келесі жылы ұсынылатын түрлі бағыттағы тағы бірқатар жоба таңдалды.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы екі жылдан бері өткізіп келе жатқан балалар әндері байқауында үздік шыққан әндер де анимациялық жобалар арқылы кең насихатталатын болады.

«Balapan» арнасы биыл жалпы саны 382 серия 20 анимациялық жоба өндірді. 2024 жылы өндіріс көлемін арттыру жоспарланған.



Әлеуметтік желілерімізге қосыл!