06 маусым 2023 жыл

«Balapan» телеарнасының балалардың жазғы демалысына тартуы

«Balapan» телеарнасының балалардың жазғы демалысына тартуы

Жақында арна эфирінен жан-жануарлардың тілін түсінетін кішкентай блогер Аёка туралы жаңа жоба жарық көрді. «Эфирде Аёка» бағдарламасының мақсаты – балаларға адамнан өзге тіршілік иелеріне де ізгілікпен қарауды түсіндіріп, жануарлар әлеміне саяхат жасау.

 «Суретші балапан» жобасы балаларға сурет салудың оңай тәсілдерін түсіндіріп, тұрмыстық заттардан түрлі туындылар жасап көрсетеді.

«Алтын сақа» ертегісінің кейіпкері Мыстан балаларға түрлі тапсырмалар беріп сынайды. Әр кезеңнен мүдірмей өткен бала ғана «Алтын сақаға» ие болады.

Сондай-ақ жазғы маусымда «Balapan» өз көрермендеріне «Тоқты мен Серке», «Дәрігер Дана» анимациялық жобаларының жаңа маусымын, шексіз аспан әлемінің құпияларын ертегі арқылы баяндайтын жаңа «Жұлдыздар әлемі», жүк көліктері арасындағы тартысты оқиғаларға құрылған «Күшті көліктер» мультхикаяларын ұсынады.

Ең басты тарту - «Бала ғой» балалар сериалы. Әйгілі «Ералаш» форматындағы бұл жоба бала тентектік жасап, үлкеннің айтқанын елемей, еркелік көрсетсе, «Бала ғой» деп ақтап алатын ата-аналардың да көңілін көтеріп, қиындықтарға баланың көзімен қарауды көрсетеді.

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!