31 тамыз 2021 жыл

«Balapan»-ның күзгі базарлығы

«Balapan»-ның күзгі базарлығы

«Қазақстан РТРК» АҚ «Balapan» телеарнасы жаңа телевизиялық маусымын түрлі жанрдағы 13 жаңа туындымен ашпақ. 6 қыркүйектен бастап көрермендерге отбасылық құндылықтар мен салауатты өмір салтын насихаттайтын, қазақ тарихы мен музыкасынан және балалар әдебиетінен сыр шертетін, отансүйгішттікке баулып, жаңа технологияларды тануға үндейтін қызықты әрі бала пайымына лайықталған 13 жоба ұсынады.

Атап айтар болсақ, «Үздік қойылым» телехикаясы бастауыш сынып оқушыларының байқауға дайындық барысын көрсете отырып, еңбек пен бірлікке шақырады, ал «Толағай» бағдарламасы сайыс жағдайында отбасын біріктіру, спорттық рухты дамытуды дәріптейді. «Кітап қананың» әр шығарылымында қазақ балалар әдебиетінен бір шығарма алынып, бала ойына шақталған жатық тілде мазмұны айтылады. «Маржан тіс» 3D анимациялық фильмі балдырғандарға ауыз гигиенасының маңыздылығын үйретсе, «Көңілді көкөністер»(3D) бойларындағы дәрумендердің бала ағзасына пайдасы туралы өздері айтып, көкөністерді тамақтан теріп тастамауға үндейді. «Ғарышкер бала Жігердің»(2D) биік мақсатқа жету жолындағы ерліктері үлкенді-кішілі көрерменді таңырқатпай қоймайды.

Сондай-ақ, «Balapan»-ның көрермендері тарихи тұлғалар мен көшпенділер мәдениетінен ақпар беретін туындыларды да тамашалайтын болады. Мысалы, баһадүр Бейбарыстың балалық шағынан Мысыр Сұлтаны болғанға дейінгі өмірін «Сұлтан Бейбарыс» мультфильмінен білсе, «Қаһарманнан» байырғы дәуірге саяхаттап, бабаларымыздың Отан мен табиғатқа деген сүйіспеншілігін көреді. Ән мен күй туралы білуге ұмтылған балақайларға «Әсем әуен» мен «Күй қанатында» атты 3D форматында түсірілген мультфильмдер бар. Біріншісі музыкалық аспаптардың ерекшелігін аңыздармен байланыстыра отырып суреттесе, екіншісі – әр серияда танымал күйдің тарихын паш етеді.

Эфирден шытырман оқиғаға толы отансүйгіштікке баулитын «Сарбаздар» (3D) атты мультипликациялық сериалды көруге болады. Телехикаяда ағайынды Ақыл мен Асылдың басынан өткерген оқиғалары көрініс табады. Сонымен қатар, «Білгішбектер»(2D) мультхикаясы балаларға жаңа технологиялар мен ғылым жетістіктерін таныстырады. Әлемдік тренд – Трансформер тақырыбы да биыл телеарна назарынан тыс қалмады. Көрермендерге ұлттық нақышта «Трансформер Тұлпар» атты 2D форматында түсірілген мультхикая ұсынылмақ.

«Эфирге шыққалы тұрған жобаларды жоспарлауда біз жан-жақты зерттеу жасап, заманауи бүлдіршіннің сұранысын ескеруге тырыстық. Олар қызығатын трендтегі мульткейіпкерлерді негізге ала отырып, жаңа қаһармандарды жасадық. Life форматындағы реалити шоулар мен телехикаялар түсірдік. Сонымен қатар, бұған дейін эфирден трансляцияланған рейтиінгі жоғары жобаларды байытып, жаңа маусымын әзірледік,» - дейді «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай. Арна жетекшісі телеарна салалық мамандардың легін қалыптастыруда үздіксіз еңбек етіп келе жатқанын да айта кетті: «Туындылардың барлығы отандық кинематографистер мен аниматорлардың қолынан шықты. Арнамыз отандық мамандардың кәсіби әлеуетін көтеруге үлес қосып отыр».

2010 жылы ашылған «Balapan» арнасын бүгінде жалпы есеппен 2 миллионнан астам абонент көреді. Арнаның контенті жылдан-жылға сапа және сан тұрғысынан өсіп келе жатқанын 246 тележоба, 19 телехикая мен ситком және 2037 бөлімнен тұратын жалпы саны 67 анимациялық жоба айғақтайды. Арнаның төл туындылары шетелге сатыла бастағанын да көзіқарақты көрермен біледі. Айрықша атап өтерлігі, «Balapan» Kantar компаниясы жүргізетін рейтинг жүйесі бойынша отандық үздік 10 телеарнаның ішінде соңғы екі жыл қатарынан 7-орында тұр.

Сонымен қатар Мақпал Жұмабайдың айтуынша, арнаның басты жетістіктерінің бірі - пандемия кезінде оқу процесін ұйымдастыруға атсалысқаны. «Былтыр әлем қашықтан оқыту жүйесіне көшкенде «Balapan» телемектеп қызметін атқарып, қазақстандық оқушылардың білім алуына мүмкіндік жасау арқылы төтенше жағдайларда мемлекеттің қажеттілігін шұғыл орындай алатындығын көрсетті».

Айта кетелік, биыл «Balapan» жалпы 41 жоба өндірді. Оның 14-і жазғы маусымда, яғни, балалар демалысқа шыққан маусым айынан бастап эфирге шыққан. Күзгі маусым да 13 жобамен шектелмейді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қараша-желтоқсан айларында тағы он шақты жобаның тұсауын кесуді жоспарлап отыр.


Әлеуметтік желілерімізге қосыл!