21 қазан 2022 жыл

Балаларға арналған үздік жаңа әндер анықталды

Балаларға арналған үздік жаңа әндер анықталды

Республика күні қарсаңында елордада Балалар жылына орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жариялаған «Балдәурен» балаларға арналған әндер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шараға депутаттар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері және елордалық мектеп оқушылары мен ата-аналар қатысты.

      2022 жылдың басында жарияланған байқауға еліміздің барлық аймағынан 60-қа жуық автордан 109 ән келіп түсті.  

    «Балдәурен» байқауын өткізудегі басты мақсатымыз - балалар әндерінің көбеюіне үлес қосу. Себебі, елімізде балалардың орындауына лайықталған әндер өте аз. Сондықтан да балапандарымыз орыс, ағылшын тіліндегі әндермен өсіп келеді. Біз биыл 4 мың бала қатысқан «Қазақстан дауысы. Балалар» телевизиялық жобасын өткізген кезде осы мәселені қатты сезіндік. Көрермендер тарапынан көптеген сын айтылды. Шын мәнінде айтылған әрбір сынның астарында шындық бар. Осыдан кейін, ойлана келе Балалар жылында балалар шығармашылығына тартуымыз болсын деп әндер байқауын жарияладық. Үздік шыққан 5 әнге «Қазақстан» телерадиокорпорациясы арнайы бейнебаядар түсірді. Бұл клиптер жақында «Qazaqstan» және «Balapan» арналарының эфирінен көрсетіле бастайды», - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

    Басқарма төрайымы байқауға қатысушыларға алғыс білдіріп, «үздіктер қатарына қосылмаған қалған 100 ән болашақта балалардың орындауында жарыққа шығып, әр үйде және үлкен сахналарда шырқалатынына сенеміз», - деді.

Жеңімпаздарды Корпорацияның Көркемдік кеңесінен бөлек, арнайы құрылған қазылар алқасы іріктеді. Қазылар алқасының құрамында мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, композитор, ҚР композиторлары одағының төрағасы Серік Әбдінұров, композитор, музыкант Хамит Шанғалиев және балалар ақыны, журналист Серікбол Хасан бар.

Айта кетерлігі, балаларған арналған әндер байқауы тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылды. Өтінім жолдағандар арасында елімізге танымал кәсіби композиторлармен қатар жаңа авторлар да болды.

Салтанатты шара аясында «Balapan» телеарнасының Республика күніне орай жариялаған «Менің туым» көркемсурет байқауының көрмесі ұйымдастырылды.


Әлеуметтік желілерімізге қосыл!