23 желтоқсан 2021 жыл

«Balapan» телеарнасында тұсаукесер! «Сұлтан Бейбарыс» анимациялық жобасы жарық көрді

«Balapan» телеарнасында тұсаукесер! «Сұлтан Бейбарыс» анимациялық жобасы жарық көрді

Мысыр елі күнделікті өмірін кешіп жатыр. Ніл өзенін жағалай қонған Каир шаһарының халқы бүгін де таңмен таласа жаңа күнін бастады. Шаһардың тасасынан алыстан мұнартып, әйгілі Гиза Пирамидалары көрінеді. Каир шаһарынынң гүлденген кезеңі. Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Терістікті жалғаған «Ұлы Жібек Жолы» бойымен керуендер ағылып келіп жатыр. Жанға керектінің бәрі бар. Әр керуен келген сайын халық жадырап қалады. Бағдаттан келген тәттілер, әсем оюмен бедерленген Шамның болат қылышы мен кездігі, Бұланайды асып келген Қытай елінің жібегі, Түркілердің асыл түқымды жылқылары, тіпті теңіз асып, Ромнан жеткен шыны ыдыстардың өзі көз тойдырады. Керуен сарайдың айналасы сауық-сайран. Керегін тапқан жұрт – көңілді.

Алайда, Каирдің көңілді тұрғындарының арасында жүзіне мұң үялаған белгісіз жан бар еді. Ол кішкентай ғана Джафар есімді бала болатын. Иә, Иә... кәдімгі бозабала. Джафар ата-анасынан ерте айырылып, жетім қалған еді. Әркімге жалданып, жұмыс істеп, нанын тауып жүр.

Бұл өмірдің әділетсіз жағы да бар емес пе? Кейбіреулер оның жетімдігін пайдаланып, еңбек ақысын толық бермей қояды. Әлі жететіндер басынып, зорлық қылады. Джафар кейде оңаша отырып көзіне жас алады. Аспандағы жұлдыздарға мұңын шағады. Бір күні мұңайып отырған Джафарды байқаған бейтаныс қасына келіп, әңгімеге тартады. Кісінің басына киген жамылғысы көзін жауып тұр. Жүзі анық көрінбейді. Тек бітіне түскен ұзын шырамы ғана анық байқалады. Киімі жұпыны келген екен.

Бейтаныс кісінің дауысы салмақты болғанымен жылы сөздері баланың жүрегіне шуақ сыйлайды. Екеуі тез тіл табысып кетеді. Джафар бейтаныс кісіге өзінің өмірі жайлы, арманы жайлы, көргені жайлы бар сырын айтады. Жұпыны киімді бейтаныс кісі Джафарға не көмек берсін. Бар болғаны баланың басын сипап, үш өсиет айтып, кете барады. Джафарға бейтаныс кісінің айтқан өсиеті ой салады. Әрине, өмір күндегідей өте береді. Джафар әр кезде қиналған кезінде бейтаныс кісінің өсиетін еске алып, қиындыққа төзіп, өмірдің соққысына қарсы тұруға ұмтылады. Бір күні тапа-тал түсте патшаның сарбаздары баланы тұтқындап, алып кетеді. Джафар не болғанын, кімге не жазғанын өзі түсінбейді. Сарбаздар оны патша сарайына әкеліп, бүкіл Мысырға «Қасиетті Патша» ретінде саналған Сұлтан Бейбарыстың алдына алып келгенде, тіпті, таң болады. Бала Джафар Сұлтан Бейбарыстың жүзіне қарап, бетіндегі ұзын шрамына көзі түседі. Сол сәтте барып, өзіне өсиет айтқан жұпыны киімді бейтаныс кісіні таниды. Сұлтан Бейбарыстың елдегі шынайы өмірді көру үшін қарапайым киіммен жасырын түрде ел аралайтын әдеті бар еді. Джафардың мұнда келуіне сол себеп болатын. Сұлтан Бейбарыс Джафарды өз қамқорлығына алып, Мәмлүктер қатарына тәрбиелейтінін айтады. Осылай Джафардың жаңа өмірі басталады. Жетім балаға мейірімі түскен Сұлтан Бейбарыс балаға жігер беріп, рухын ояту үшін әр кезде өз өмірінде басынан кешкен оқиғаларын айтады. Фильм барысында Сұлтан Бейбарыстың Джафар балаға айтқан әңгімелері арқылы балалық шағынан бастап, Мысырдың Сұлтаны болғанға дейінгі өмірі кеңінен көрсетіледі.


Әлеуметтік желілерімізге қосыл!