22 желтоқсан 2021 жыл

«Balapan» телеарнасы «Ғарышкер бала Жігер» мультхикаясын ұсынады

«Balapan» телеарнасы «Ғарышкер бала Жігер» мультхикаясын ұсынады

Арман – адам баласының ең басты құндылығы. Армансыз адам қанатсыз құспен тең екені белгілі. «Ғарышкер бала Жігер» жобасының басты ойы да осыған саяды. Басты кейіпкеріміз арқылы балаларға ғарышкерлердің қажырлы еңбектерін көрсетіп, қайсарлық пен табандылыққа тәрбиелеп, армандай білу керектігін түсіндіреміз. Жобаның басты кейіпкері Жігер маңызды шешім қабылдап, ғарышкер болуға талпынады. Алға қойған биік мақсатына жету жолындағы ерліктері айналасындағыларды бақыт пен қуанышқа бөлейді. Жігердің мұндай эмпатиялық қасиеті көрермендерін таңырқатпай қоймасы анық.

Жобаның мақсаты: Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов сияқты ғарышкерлеріміздің батыл қадамдарын балаларға үлгі ету. Жас ұрпақтың жүрегіне отансүйгіштік сезімін ұялатып, жаңа заманға сай білім мен ғылым, техниканы игеруге шақыру.

Қысқаша мазмұны: Жігер атты 7-8 жасар бала анасына еріп күнде Байқоңыр ғарыш айлағына барады. Анасы сол жерде техник болып жұмыс істейді. Ал, Жігер болса әр бөлмеге кіріп, аралап, қызық көріп жүреді. Сөйтіп жүріп Жігер ғарыш айлағының қыр- сырымен танысып алған. Негізінде Жігер бұзықтау, әр бөлмеге кірген сайын бірдеңені бүлдіріп, кейін сол бүлдірген жерін ешкімге білдірмей өзі жөндеп қоятын.

Күндердің күнінде Жігер ғарыш айлағында жүріп, кіруге болмайтын құпия бөлмеге кіріп кетеді. Ішінде ғарышкерлердің күнделігі сақталған екен. Солардың арасынын әкесінің суретін көріп қалады да, әлгі күнделікті ақтара бастады. Әкесі ғарышкер болу үшін кішкентай кезінен бастап тер төгіп еңбектенген, жаңаша ғарыш кемесін жасап шығу үшін көптеген зерттеу жасап, сызбалар сызған мықты ғалым болған екен. Күнделікті оқу барысында Жігер әкесімен бетпе-бет кездескендей болады. Әке аманатын арқалағандай болады. Анасынан «әкем қайда?» деп сұрағанда «әкең ғарышта» деген сөзін енді ұққандай. Сол күннен бастап Жігерді әкесінің арманы жетелейді. Ол бір-ақ күнде бұзықтығын қойып, өзге ғаламшарлық достарын құтқарып ғарышқа ұшамын деген мақсат қояды. Сол үшін әкесі сияқты еңбектенеді. Кейіннен ғарыш айлағының басшысына барып, ғарышқа ұшуға дайын екенін айтады. Бірақ, әлгі басшы ұшуға рұқсат етпейді. Жігердің сағы сынбастан өзінің дайын екенін дәлелдей бастайды. Дегенмен, ол жасырын түрде өз ауласында ғарыш кемесін жасауға кіріседі. Тіпті ешкімнің де ойына келмеген ғажайып ғарыш кемесін жасап шығады да өзге ғаламшарлық достарын ұрлап жаңа ғаламшарға, өзге планетаға жол тартады. Жігер сапар барысында өзге ғаламшарлық достарымен бірге әртүрлі қиындықтарды бастан кешеді. Табандылығының арқасында көптеген планеталарды ашып нағыз ғарышкер атанады.

Сөйтіп жүргенде Жігер қара үңгірге тап болады. Әлгі үңгір Жігердің ғарыш кемесін сорып алып кетеді. Сөйтсе ол адам баласына ешқашан көрінбеген, сұлулығына көз тоймайтын ғажап ғаламшарға тап болған екен. Сол жерді зерттеп жүріп, кенеттен адам баласын кезіктіріп қалады. Сөйтсе, ол адам Жігердің әкесі екен. Сол жерде әкесі баласын, баласы әкесін көріп, қатты қуанады. Әкесі де осыдан бірнеше жыл бұрын жаңа ғаламшарларды ашпақ боп галактика сапарына шығып, кемесі бұзылып қайта алмаған екен. Оны білген Жігер әкесімен бірге кемелерді жөндеп, бірге жерге аттанады.


Әлеуметтік желілерімізге қосыл!