22 желтоқсан 2021 жыл

ТҰСАУКЕСЕР! «Balapan» телеарнасы «Қаһарман» мультхикаясын ұсынады

ТҰСАУКЕСЕР! «Balapan» телеарнасы «Қаһарман» мультхикаясын ұсынады

«Қаһарман» анимациялық фильмінің басты мақсаты – жас ұрпақты ата-бабасы түркі халықтарының батырларымен, салт-дәстүрімен, ерліктері мен ел үшін қызметін таныстыру. Тәрбиелік мәнге шақыру. Батыр қай кезде де елін қалпына келтіруші. Еліне қауіп қатер төндірген жауды жеңуші, адалдықты асқақтатып, әділет орнатушы тұлға ретінде түсіндіру. Жамандықты жақсылықпен, зұлымдықты ізгілікпен, жауыздықты қайырымдылықпен жеңу – халқымыздың басты мұраты екенін көрермен бойына сіңіру. Бабалар дәуірін қамти отыра көрерменнің тарихи санасын кеңейту. Түркі тайпаларының қай кезеңде қандай сыртқы жаумен шайқасып, елін қорғанын жете түсіндіру. Отансүйгіштік пен адалдыққа, әділдікке, жақсылық пен батылдыққа тәрбиелеу. Жоба арқылы бабаларымыздың данышпандығын, тапқырлығын дәріптеп жас ұрпақтың санасына есімдерін сіңіру. Көрерменнің таным-түйсігін мен сана-сезімін рухты батырлардың ел үшін жасаған ерең еңбектерімен сусындату. 

10 бөлімде бірнеше қаһарман сипатталып, тарихи деректерге сүйене отыра олардың тапқырлығы мен ерліктері көрсетіледі. Әр бөлімде бала санасына, ойына шақталған жатық тілде оқиға өрбіп, кейіпкердің даналығымен, әділ шешімімен, батыл қадамы, ерлік әрекетімен аяқталып отырады. Сайын дала, ну орман, биік шыңдар, жартастар, өзен-көл мен көк жайлау, көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі беріледі. Көшпенділердің өмірі арқылы сол дәуірдің байырғы өркениетін де қатар алып, бабалардың табиғатқа, Отанға деген сүйішпеншілігі бейнеленеді. «Мөде қағанның жерді сақтап қалуы» бөлімінде қанша қалың қол әскері болса да, өзге жерге көзін алартпай өз жерін қанағат тұтатын тұлғаның бейнесі беріліп, оның зұлымдыққа берген жауабы мен жерін қорғаған ерлігі көрсетіледі. «Шырақ жауынгер» бөлімінде жанкештілік пен күрескерліктің адам бойындағы ең құнды дүние екенін танытып, сын сағатта тапқырлықтың қалай барлық елді сақтап қалатыны суреттеледі. «Төныкөктің елін сақтап қалуы», «Күлтегіннің жазбасы», «Білге қаған», «Анақарсистың данышпандығы» атты бөлімдер тұлға бойындағы ерекше қасиеттерді көрсетумен ерекшеленеді. Дала тайпаларындағы көсемдер мен данышпандардың қоғамдағы, ел қауіпсіздігіндегі ролі бірінші орынға шығады. Әділ де бейбіт шешімдері динамикалы қозғалыспен, тарихи дерекке сүйенген қызықты да көңілді оқиғалармен шешімін табады. «Тұмар ханым» бөлімінде сақ тайпаларындағы қыз баласының орны, оның ел алдындағы, туған жер алдындағы парызы мен жауапкершілігі баяндалады. Бабамыз қыз баласын қалай құрметтегені, ал жаугершілікте қыздарымыз батырлармен тізе қосып жер қорғағаны, өз міндетіне қандай жауапкершілікпен қарағаны суреттеледі. «Кетбұға», «Тарғатай аңызы» бөлімдері әр аңыздың астарлы шындығы мен өз тарихи маңызы бар екенін дәлелдейді. Көрерменге қайрат пен ақылдың қалай жүректе тоғысатының алға тартады. Жобада сақ тайпаларының, түркі көшпенді тайпалардың бейнелері, дарындылығы мен жауынгерлік шеберліктері айқындалады. Бөлім соңында кейіпкер болған тарихи тұлғаның тайпасы, өмір сүрген ғасыры мен тағы басқа еңбектері айтылатын болады. Бұл арқылы кейіпкерлеріміздің тарихтағы ойып тұрып алған өз орнын мәліметтен, деректен үзінді келтіріп аяқталады. Бөлімнің негізгі бөлігі қызықты оқиғаға негізделсе, соңы шынайы деректен келтіріледі.


Әлеуметтік желілерімізге қосыл!