12 қыркүйек 2019 жыл

«Balapan» көрермендерін күтер қызық мол

Базарлыққа толы «Balapan» арнасы осы күзде жаңа логотиппен көрерменге жол тартты.
Ол өзінің кішкентай достарына 18 жаңа жобасын ұсынды. Оның ішінде 11 анимациялық фильм, 5 бағдарлама және 4 телесериалдың тұсауын кестi.
Атап айтқанда, өскелең ұрпақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелейтін «Отанға қызмет етемін!» тұңғыш әскери реалити-шоуы, елімізде тіршілік ететін аң-құстармен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін «Жан-жануарлар әлемі» бағдарламасы, салауатты өмір салтын насихаттайтын отбасылық «Толағай» спорттық сайысы, балаларға пайдалы лайфхактар ұсынатын «5 минут» жобасы және ең кішкентай көрермендерге арналған «Тәй-тәй шоудың» екінші маусымы эфирге шығады.

Сонымен қатар, «Ауыл жұлдыздары» мен «Достар» телесериалдары да өз көрермен назарына ұсынылады. Олардың бірі қызыққа толы ауыл өмірін суреттесе, бірі адал достықты дәріптейді. Арна көрермендері сүйіп тамашалайтын, әзіл-қалжыңға толы ситкомдар - «Сынық сынып» пен «Немене» де маусым жаңалығы болмақ. «Balapan» бірнеше анимациялық жобалармен де қуантуға әзір! Олардың қатарында әлемге танымал жазушылардың ертегілерін анимация тілінде сөйлететін «Ғажайып әлем», шытырман оқиғаға толы «Күлкі іздеген Күнекей», атты алғаш ерттеп мінген ата-бабаларымыз жайлы аңызды негіз еткен «Пырақтар», жақсылық жасап жарысуды көздеген ғажайып жаратылыстар турасындағы «Қызыл мен Күлгін» жобалары бар.

Балақайлардың көгілдір экрандағы достарына айналып үлгерген төл суперқаһармандарымыз да өз көрермендерімен қайта қауышады. «Айдар», «Дала ойындары», «Ертемір» мультхикаяларының ІІІ маусымында суперкейіпкерлерді жаңа сынақтар күтіп тұр. Сонымен қатар, телеарнаның ең кішкентай көрермендеріне де тосынсыйы бар. «Сәби», «Тынымсыз шөжелер», «Оқиға» және «Ағаш ат» анимациялық жобалары «0+» көрермен аудиториясына арналған.
Айта кету керек, аталған күзгі маусым 2019 жылдың 10-қыркүйегінде басталады.
 

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!