15 шілде 2019 жыл

Шетелдегі қазақ балалары «balapan»-да

Шетелдегі қазақ балалары «balapan»-да

Бүгін «balapan» телеарнасына шетелде тұратын этникалық қазақ оқушыларының «Ұлы дала ұрпағы» атты Жазғы мектебінің қатысушылары  танымдық экскурсияға келді. Оның ішінде Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанда  тұратын 12-17 жас аралығындағы оқушылар бар.

Экскурсия барысында шетелдік қандас бауырларымыз біздің арнаның тыныс-тіршілігімен кеңінен танысты. Атап айтқанда, телеарнаның кішкентай жүргізушілерімен және қызметкерлерімен кездесіп, эфирге шығатын бағдарламалар туралы ақпарат алды, телестудиялардың жұмысын тамашалады. Сондай-ақ, «Кім тапқыр?» бағдарламасының  жүргізушілері ұйымдастырған қызық ойындарды ойнап, белсенділік танытқан балалар «balapan» арнасының арнайы сыйлықтарына ие болды. Отандастарымыз ұлы ойшыл Абай атамыздың 175 жылдығына орайластырылған ақын өлеңдерін жатқа оқу эстафетасынан да қалыс қалмай, өз өнерлерін ортаға салды.

Бұдан бөлек, арна ұжымы балаларды «Қазақ радиоларына» қарасты радиолардың студияларына апарып, жұмыс барысымен таныстырды.

«balapan» арнасының жұмысына зор қызығушылық танытқан балалар келешекте де байланысты үзбей, осындағы достарымен хат-хабар алмасып тұратын болып тарқасты.

Айта кету керек, екі апталық «Ұлы дала ұрпағы»  атты  Жазғы мектептің негізгі мақсаты – шетелдегі қазақ балаларының тарихи отанына деген сүйіспеншілігін арттырып, салт-дәстүрлерін зерделеп, ана тілін меңгеруге қолдау көрсету. Сонымен қатар, еліміздегі зияткер оқушыларды тәрбиелеудің іргетасы саналатын Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі құрбы-құрдастарымен  рухани  байланыстарын нығайту.

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!