24 қараша 2016 жыл

Бүгін - балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сапарғали Бегалиннің дүниеге келген күні

Бүгін - балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сапарғали Бегалиннің дүниеге келген күні

Жазушы, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сапарғали Ысқақұлы Бегалин 1895 жылы қараша айының 24 жұлдызында Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Дегелең ауылында туған. Есейе келе, өз үйінің аз ғана малын бағып, қолғанат болды. Ауылдағы молдадан оқып, ескіше хат таныды. Содан соң керуенмен Семейге келіп, бір уақыт пристаньда жүкші болды. Бұдан кейін Семейдегі оқытушылар дайындайтын семинарияның оқытушысы Нұрғали Құлжановтың үйінде атын күтіп, үй жұмысына болысты. Ол кісі кешкіліктерге оған орыс тілін үйренуге көмектесті, соның көмегі арқылы Семей қаласындағы орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1915 жылы бітірді. С.Бегалин 1916 жылы Петроград түбіндегі тыл жұмысына алынады, үйіне 1917 жылдың наурыз айында қайтады.

1929-1935 жылдары Дегелең болыстық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық соты қызметтерін атқарған. Қазақ егіншілік халық комиссариатында, Түрксіб темір жол басқармасында жауапты қызметтерде болды. 1935-1956 жылдары «Темір жолшы» газетінде, Қазақстан Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет етті.

Алғашқы өлеңі — «Қазақ боз-балаларына» 1914 жылы «Айқап» журналының N2 9 санында басылды.

·         «Қыран кегі» (1943),

·         «Цимлян теңізі» (1953),

·         «Таңдамалы» (1956),

·         «Сырлы қайнар» (1963), тағы басқа өлеңдер мен поэмалар,

·         «Көксегеннің көргендері» (1948),

·         «Ермектің алмасы» (1955, 1985),

·         «Сәтжан» (1947, 1973, 1978),

·         «Жас бұтақ» (1953),

·         «Жеткіншектер» (1960),

·         «Мектеп түлектері» (1961),

·         «Шоқан асулары» (1971),

·         «Қыран туралы аңыз» (1976),

·         «Екі томдық шығармалар» (1976), тағы басқа әңгіме, повестер жинақтары,

·         «Замана белестері» (1975) романы жарық көрді.

Пушкиннің, Лермонтовтың, Шевченконың жекелеген туындыларын, Д.Н.Мамин-Сибиряктың, Л.В.Соловьевтің кейбір әңгімелері мен повестерін қазақ тіліне аударған. Бегалин Абай шығармаларын насихаттауға мол еңбек сіңірген. Ақынның өнегелі өмірі, мұрасы, замандастары жайлы тың деректер беретін «Қияспай» (Пионер, 1956, №4), «Сауық кеш» (Қазақ әдебиеті, 1971, 10 желтоқсан), «Назипа Құлжанова» (Қазақстан әйелдері, 1973, № 10) тағы басқа мақалаларын жариялаған. Абай рухына арналған «Ұрпақтарға» («Совхоз туы», 1964, 5 май) атты өлең жазған. Абайдың туғанына 70 жыл толуына орай 1915 жылы 13 ақпанда Семейдің приказчиктер клубында еткен әдеби кешті ұйымдастыруға қатысқан.

Халық ақындарының шығармаларын сұрыптал жинақ етіп шығарды (« Халық ақындары », 1953; «Өмір жыры», 1953), өнер саңлақтары жөнінде («Сахара сандуғаштары», 1976), жыр алыбы Ж.Жабаев туралы монография жазды. Көптеген туындылары шетел тілдеріне тәржімеленді.

Ол Халықтар Достығы, «Құрмет Белгісі» (2 рет) ордендерімен және медальдармен марапатталған.

 

Дереккөз: Уикипедия

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!