Астанада оқушыларға арналған картинг пен мотокросс сабақтары ашылады

Астанадағы Оқушылар сарайында мотокросс пен картингтен екі жаңа үйірме ашылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта ауыр атлетика мен үстел теннисінен спорттық секциялар ашу жоспарлануда.
Бүгінде Оқушылар сарайы - елордадағы қосымша білім беру мекемелерінің бірі. Мұнда спорт, ғылым және өнер бағыттары бойынша 127 секция жұмыс істейді. Оған мектептен тыс уақытта 10 мыңға жуық бала қатысады.
Үйірмелердің 60 пайызы - тегін. Атап айтқанда, техникалық сабақтар, робототехника, жеңіл атлетика. Ақылы секциялардың құны - айына 3000-7000 теңге аралығында.
Айта кетейік, Оқушылар сарайында виртуалды ғылым мұражайы ашылды. Балалар мұнда тек Қазақстан аумағында ғана емес, әлемдегі ғимараттар мен зауыттардың құрылысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады. Экскурсия бағасы - 500 теңге.
Астаналық Оқушылар сарайы 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған. Балаларды жергілікті мұғалімдер, олардың ішінде көбісі ғалым, жетекші мамандар, музыканттар, ҚР Мәдениет және спорт қайраткерлері оқытады.
Оқушылар сарайында көптеген спорттық командалар құрылған. «Бала» журналы жарыққа шығады. Дипломатиялық корпус, зертхана мен нанотехнологиялар секциясы ашылған. Бұдан басқа, анатомия, физика секциялары да бар.
astana.kz