Бүгін Астана қаласындағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында «Балапанның» 6 жасқа толуына орай мерекелік шара өтті.
Алғашқы бөлімде бүлдіршіндер «Сәлем, Астана!» мультхикаясының әнін орындап, сайысқа түсті. Темір тұлпарды тізгіндеген 6 балғын шабандоздық қабілеттерін сынап көрді. Жеңімпаз «Балапанның» ерекше сыйлығына ие болды.
Одан кейін «Ойлан, тап!» бағдарламасының жүргізушісі Риза Данияр сайқымазақ бейнесіне кіріп, көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, бүлдіршіндер цирктен арнайы әкелінген маймылдың өнеріне тәнті болды.
Мерекелік шараны өзге балалар мен ауылдардағы бүлдіршіндер тікелей эфир арқылы тамашалады. Сондай-ақ, тікелей эфир арқылы сүйікті арналарын туған күнімен құттықтап, тілектерін жолдады.
Мерекелік тарту сабын көпіршіктерін тамашалаумен жалғасын тапты.
Тікелей эфирге алматылық балақайлар қосылып, «Балапанның» туған күніне жылы тілектерін жолдады.
Кеште «Балапанның» ең үздік көрерменін анықтау мақсатында бүлдіршіндер арасында қызықты ойын ұйымдастырылды. Ойын шарты бойынша балаларға үлкен экранда көрсетілген кейіпкерлерді табу тапсырылды.
Айта кетейік, кейіпкерлер ішінде «Балапан және оның достарындағы» бұзауқан, «Көжектер» мультхикаясындағы Үркек, «Джунгли кітабындағы» Балу, «Айжұлдыздағы» Төре мен Зере, сондай-ақ, Әли мен Айя, Хайди, Майя болды.
Кішкентай балақайлар осылайша сүйікті арналарының тұрақты көрермендері екендіктерін тағы бір дәлелдеді.
Мереке сиқыршылар шоуымен жалғасты. Олардың жасаған әрекеттері балаларды ерекше әлемге жетелегендей болды.
«Балапанның» кішкентай бүлдіршіндерге арнайы дайындаған тартуының бірі - лотерея ойыны. Бұл ойын тек балалар үшін ғана емес, сондай-ақ, ата-аналар үшін де өте қызықты болды.
«Балапанды» туған күнімен құттықтауға келген бүлдіршіндер қатарында «Нұрсәулемай-Еркетай» және «Қарақат» мектеп студияларының әншілері де болды.
«Балапан» телеарнасының тағы бір дайындаған ойындарының бірі - кілт сөздер арқылы «Балапанның» бағдарламаларын, мультфильмдерін табу. Бұл ойынға барлық балалар атсалысты. Себебі, жеңімпазға велосипед сыйға тартылады. Көрермендер ішінен барлық сұрақтарға дұрыс жауап берген балақайдың есімі – Әйгерім. Оның айтуынша, бүгінгі күн ерекше өтті. Енді ол «Балапанның» туған күнін әрдайым жадында ұстайды.
Шара соңында барлық жиналған балалар, сондай-ақ, ата-аналар «Балапан» телеарнасының әнұранын шырқады.
Суреттерді Ұлттық арна сайтынан тамашалай аласыздар.
Естеріңізге саламыз, «Алақай, туған күн!» шарасы «Балапан» телеарнасы эфирінен 27 қыркүйек күні 13:20-да көрсетіледі.