Петропавлдық оқушылар Қазақ хандығы туралы ойын ойлап тапты

Петропавлдағы қазақ-түрік мектеп-лицейінің оқушылары Қазақ хандығының 550 жылдығына ерекше тарту жасады. Балалар Қазақ хандары туралы стратегиялық ойын ойлап тапты. Бүгінде жобаның демо-нұсқасы жарыққа шыққан.
Оқушылардың ойынды жасауға кіріскендеріне 3 айдан асқан. Осы жоба арқылы балаларға тарихты түсіндіруге болады дейді олар.
«Қазіргі кезде компьютер ойындары балалар арасында өте танымал. Сондықтан ақпаратты ойын арқылы берсек, пайдалырақ болады. Біздің ойын уақытты пайдалы да қызықты өткізуге мүмкіндік береді», - дейді Ерасыл Ділдайым.
Ойында Қазақ хандығының құрылуынан бастап, Кенесарының қазасына дейінгі кезең толықтай қамтылған.
Қазір ойынның тек бастапқы нұсқасы ғана дайын. Егер болашақта қолдау тауып жатса, толықтай шығару жоспарлануда.
www.kaztv.kz