8 жастағы Аяна Мұратова өзінің балаларға арналған киім үлгісін ұсынды

Бала қиялынан шыққан сызбаларды жергілікті шеберханаға тапсырыс беріп орындатады.
Ең бастысы, Аянаның туындыларынан қазақылықты байқауға болады, кез-келген туындысына ою қондырады. Ұзын көйлектер мен қайыс күртешелерін қазақы оюлар мен ұлттық әшекей бұйымдармен безендіруді әдетке айналдырған.
Анасы Мәдина баланың бетін қақпай бастамасына қолдау көрсетіп, тек еліміздегі емес, сән отаны Францияда өткен байқауларға да қатыстырып үлгеріпті. Аянаның ойы қатарластарының ұлттық киімдерге деген қызығушылықтарын арттыру.
Аяна Мұратова дизайнерліктен бөлек музыка үйірмесіне баратын көрінеді. Оқуда озат, математиканы тереңдете оқытатын курстарға да жазылған. Анасы Мәдинаның айтуынша Астанадан бірнеше ұсыныстар да түсіп үлгерген. Кішкентай дизайнер қазір сол тапсырыстарды орындауға асық.
Бала арманы, болашақта жеке топтама көрсетілімін жарыққа шығару. Бұл арманды жүзеге асыруға тек анасы ғана емес, барша жақындары атсалысатынын атап кетті.