18 мамыр 2016 жыл

Ұлықты елдің ұрпағы қандай болу керек?

Ұлықты елдің ұрпағы қандай болу керек?

Ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуға, өнерге,  білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелейтін болған. Қыз бала - ұлттың ұяты, халықтың шырайы деп білген. Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің. Еліміздің өсіп-өркендеуі тек болашақ ұрпақтың қолында.   

Алайда, ата-ана баласына тәрбие беремін деп артық кетіп жататын кездері де аз емес. Осының салдарынан бала үлкен өмірге қадам басқан шағында  өзіне сенімсіз, ашушаң, ұялшақ, өзімшіл, қатігез  болып қалыптасып жатады. Бұл бала кінәсі емес, дұрыс тәрбие бермеген ата-ананың кінәсі. 

Бала тәрбиелеуге арналған 9 кеңес.

    1.Баланың болашақта қандай маман иесі болу керек екендігін ата-ана емес, бала өзі таңдауы тиіс. Бала кезінде неге икемі бар болса, сол бағытта дамытуымыз бізге жүктелген міндет.

    2.Балаға жасаған жақсылықтар үшін қайтарым сұрамау. Әлбетте, сіз балаға өмір сыйладыңыз, алайда жас бала сізге алғысын қалай жеткізе алады? Оның ішкі түйсігінде ата-анаға қамқорлық міндеті уақыт өте өзі қалыптасады. 

    3.Күнделікті өмірде кездесіп жататын қиындықтардын өшін баладан алмау. Жұмыста немесе достарыңыздын арасында болған кикілжін жағдайларды балаға көрсетпеу, айтпау. Осыны көрген бала мазасыз, ашушаң болып өседі.

    4.Бала басындағы мәселелерді түкке тұрғысыз деп қарамау. Өмір ауыртпалығы әр адамға күшіне байланысты беріледі. Біз үшін түкке тұрғысыз мәселе бала үшін шешімі жоқ мәселе болып көрінуі мүмкін. Өйткені, баланың дағдысы әлі қалыптаспаған..   

    5.Тәрбие барысында баланы мұқатып кемсітпеу. Өзге балалармен салыстырып, оның кемшілігін бетіне айтпау. Өйткені, әр баланың өзіндік икемі мен қызығушылығы болады. 

    6. Бала үшін барлық жағдай жасау – тәрбие берудің ең маңызды заңдылығы. Осыны ұмытпауымыз қажет!

   7.Өзгенің баласын сүйе білу. Басқаның баласына қиянат жасамау. Осыны көрген бала болашақта тек отбасы мүшелеріне ғана емес, өзгелерге де бауырмашыл болады.

    8.Балаңыз дарынсыз, қырсық, ересек болса да, оны сүйе білуіңіз қажет. Ата-анадан көрген  мейірімділік пен түсінікті, балаңыз болашқта өзгелерге сыйлап, еліне сыйлы азаматтардың бірі болады.

    9. Баламен қарым-қатынаста әрдайым жадыраңқы болып жүру. Осыны көрген бала мейірімді, оптимист болып өседі. Өмірде кездесер қиындықтарға мойымай, олардың оңай шешімін таба білетін болады.

Ұрпағымыздың бойына ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді сіңірсек, халқымыздың салт-дәстүрін жақсы білетін, ата-анасын сыйлайтын, елі үшін еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеген боламыз.Ұрпақ тәрбиеміз ұлықты, қыздарымыз қылықты болсын.

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!