Павлодарлық оқушылар Жеңіс күніне орай марафон ұйымдастыруда

Павлодарда Жеңіс күніне арналған дәстүрлі жеңілатлетикалық марафон басталды. Бұл спорттық шараны №24 мектептің дене шынықтыру пәнінің ұстазы Тұрсынбек Оспанбеков 19 жыл қатарынан ұйымдастырып келеді.
«Омбы қаласына биыл үшінші рет жүгіріп барамыз. Осыған дейін Новосібір, Астана, Семей, Алматы, Балқаш, Қарағандыда болып қайттық. Біз Набережное ауылы, Тереңкөл, Железин, Ачаир және Черлак арқылы өтеміз. 2 мамыр күні 450 шақырымдық марафон Омбы қаласында аяқталады. Бұл күндері Омбы қаласы 300 жылдығын тойлаған сәтке дәл түсеміз. Тоқталған әр мекенде баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат және үстел теннисінен ойындар өткіземіз. Шатырда түнейміз», - дейді Т.Оспанбеков.
Оның айтуынша, жүгіріске 25 оқушысымен төрт мұғалім қатысуда. Ең жас желаяқ - 12 жастағы Владислав Силкин.
6 мамырда жеңілатлетшілер Омбы қаласынан Павлодарға велосипедпен шығып, марафонды 9 мамыр күні орталық алаңда аяқтайды.