Бүгін - бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың туған күні
Бекзат Саттарханов Түркістан қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Сейілхан мен анасы Сырлыкүлдің кенже баласы.
Алғашында өзін-өзі қорғап үйренсін деген оймен ата-анасы Бекзатты күрес үйірмесіне қатыстырады. Алайда, күреске ынтасы болмай, бірден боксқа бет бұрады.
1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп-интернатында, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте оқиды.
1995 жылы алғаш рет бокс үйрімесіне жазылып, балалар бапкері Нұрлан Жұмабаевтан тәлім ала бастайды.
Ата-анасы мен туыстары Бекзаттың ерекше ынтасын байқағанымен, мұны өтпелі кезең деп ойлаған. Бірақ, ол бокспен шұғылданғанына бір жыл толмастан республикалық сайыстың жеңімпазы атанып, былғары қолғапты бекер кимегенін дәлелдейді. Спорт жолында Серік Қонақбаевты үлгі тұтқан.
Бекзат Саттарханов - бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы. І дәрежелі «Барыс» орденінің бірінші иегері. 1998 жылы өткен Әлем чемпионатының, 1999 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған.
Бүгінде Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы ықшамаудан мен спорт кешені бар. Сондай-ақ, спортшы есімі Алматы қаласындағы көшелердің біріне берілді. 2002 жылдан бастап бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтеді. 2005 жылы спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлы «Бекзат» атты кітап жазды.