Елордада «Ақ көгершін» фестиваль-байқауының ресми ашылуы өтті

Елордада балалар шығармашылығының «Ақ көгершін» фестиваль-байқауының ресми ашылуы өтті.1,5 мыңнан астам бала түрлі аталым бойынша бақтарын сынау үшін бүгін «Жастар» сарайына жиналды.
«Биыл Астанада балалар шығармашылығының «Ақ көгершін» байқауын оныншы рет өткізіп отырмыз. Оған облыстық және республикалық іріктеу кезеңдерінен өткен балалар қатысады. Меніңше, жоба баланың өздігінен дамуына және қоғамдағы орнын табуына ықпал етеді.
Үлкен мегаполистерде шығармашылық байқаулардың жиі өткізілетінін білемін. Біздің мақсатымыз - еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды балаларды шығару», - деді «Ақ көгершін» балалар қорының президенті Тамара Ескенова.
Әдеттегідей, байқау 7 аталым бойынша өтеді: «Хореография», «Вокал», «Халық әні», «Инструменталды музыка», «Балалар сәні - сән театры», «Ерекше жанр» және «Көркем сөз».
Жыл сайын байқауға өзге елдерден келген балалар да қатысады. Биыл қырғызстандық, ресейлік, өзбекстандық шығармашылық топтар бақтарын сынамақ.
Айта кетейік, байқауға қатысушылар 25-27 наурызда «Жастар» сарайы мен М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының концерт залдарында, №3 музыка мектебінде жарысқа түседі. 27 наурызда жеңімпаздарды марапаттау және гала-концерт өтеді.
astana.gov.kz