Басты Жаңалықтар Павлодарда асық ойнайтын үстел жасалды

Павлодарда асық ойнайтын үстел жасалды

Павлодарда асық ойнайтын үстел жасалды

 

Павлодар облысы, Качир ауданы, Трофимовка орта мектебінде асық ойнайтын алғашқы үстел жасалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Идея авторы Берік Әбдірахмановтың айтуынша, үстелдің диаметрі бір метрді құрайды. 

«Мектепте тоғызқұмалақ үйірмесі бар. Онда дойбы, шахмат және асық ойындары да үйретіледі. Әр ойынның арнайы үстелі бар, ал асық ойнайтын жиһаз жоқ. Сондықтан арнайы үстелді жасауға бел будым», - дейді Берік Әбдірахманов.

Трофимовка орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Берік Әбдірахмановтың айтуынша, бұл - асық ойнайтын үстелдің үшінші түрі.

«Бірінші түрі төрт бұрышты болған еді, кейін оны сегізбұрышты етіп жасадым. Алайда шеңбер - ең ыңғайлысы деген тұжырымға келдім. Алдағы уақытта мұны да түрлендіру – жоспарда бар. Себебі ұтып алған асықтарды орналастыратын арнайы орын  жоқ. Үстел ханталапай ойынына арналған», - деп атап өтті ол.

Шебер алдағы уақытта қазақтың ұлттық ойыны сақаны үйірмеге енгізуді жоспарлауда. Айтуынша, далада өткізілетін ойынға арнайы орын да белгіленіп қойған.

Мұнымен қоса мұғалім түрлі асық ойынынан мектепішілік біріншіліктер өткізіп, оның кубогын да өзі жасайды екен.

 

Бөлісу