Әлемнің ең ауқымды ойын-сауық өндірісіне айналғын «Уолт Дисней Компаниясы» туралы не білесіңдер?
Голливудтағы ең беделді, әрі танымал фильм өндіруші фабрика іргетасын 1923 жылы 16 қазанда қалаған. Алғашында шағын анимациялық студия ретінде бой көтеріп, штаб пәтері мен негізгі өндіруші күші АҚШ-тың Калифорния штатындағы Бербани қаласында орналасқан. Оның негізін салған ағайынды Уолтер және Рой Дисней. Олар 1924 жылы 1-ші наурызда жазушы Льюис Кэрролдың «Алиса ғажайыптар әлемінде» деген кітабының желісі бойынша жасалған «Алисаның теңіз жағасындағы бір күні» аталатын алғашқы туындыларын жарыққа шығарады. Сондай-ақ, өздерің білетін Микки Маус алғаш рет 1928 жылы «Ессіз аэроплан» фильмінде бой көрсетеді. Сол жылы «Вилли атты кішкене кеме» фильмінің кейіпкері ретінде танылды. Бұл кино өндірісі тарихында алғашқы синхронды дыбысталған суретті фильм болатын. Микки Маусты алғашында Дисней өзі дыбыстаған. Кейін бұл тышқан бейнесі Уолт Диснейге жетістіктер жолын бастап берді. Атақты америкалық суретші-мультипликатор, кинорежиссер, актер, продюсер - Уолтер Элайас Дисней алғашқы дыбыстық және музыкалық мультфильм жасаушы режиссер ретінде 111 фильм, продюсер ретінде 576 кинофильм жасаған екен.
Бүгінгі таңда, «Қазақстан» РТРК» АҚ мен «Walt Disney Company» студиясы мультипликациялық фильмдер көрсету туралы эксклюзивті келісімге келуінің арқасында біздің бүлдіршіндер әлемдік мульттоптамаларды қазақ тілінде тамашалап жүр. Мемлекеттік тілде бірнеше мультфильмнің тұсауы кесіліп, кейіпкерлері қазақ тілінде сөйлейді. Бұл мульфильдер «Қазақстан» ТРК» АҚ дубляж студиясында аударылып, дыбысталды. Олар: «Үйректер оқиғасы» («Утиные истории»), «Күлшеқыз - 2» («Золушка-2»), «Күлшеқыз-3» («Золушка-3»), «Бэмби» («Бэмби»), «София ханшайым» («София прекрасная»), «Мұзды өлке» («Холодное сердце»), Рататуй» («Рататуй»), «Ханшайым мен құрбақа» («Принцесса и лягушка», «Тастағы семсер» («Меч в камне»), «Көкке» («Вверх»), «Немо» («Немо»), «Батыл жүрек» («Храбрая сердцем»), «Малифисента» («Малифисента») сынды мультфильмдер бүгінде көрермен көңілінен шығуда.