Бүгін Астана қаласында белгілі ақын Нәзира Бердалының авторлық мектебі ұйымдастырған «Бұл – менің жүрегім» байқауының қорытынды кеші өтті.
Мүшәйраға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге тарта үмктікер қатысқан. Ең үздік шығармалар іріктеліп, «Ал, мен сенің кішкентай бөлшегіңмін», «Жиырма бірдің көктемі», «Қазақпыз ұлын батыр дер», «Мен әйелмін, әлемнің анасымын» бағыттары бойынша авторлар марапатталды.
Жастар шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында аталған шараға «balapan» арнасы да атсалысып, қатысушыларға арнайы жүлде тағайындады. Атап айтсақ, Іңкәр Алтынбекқызы мен Нұртас Манатбеков есімді дарынымен дараланып, жыр бәйгесінде топ жарған жас ақындарға арнамыздың атынан естелік сыйлықтар мен диплом табыс етілді. Жиылған көпшілікке «balapan» телеарнасының ыстық ықыласын жеткізген бас режиссер Қарлығаш Жұрмаханқызы қатысушыларға ақ жол тілеп, мұндай игі бастамаларға телеарна тарапынан әрдайым шығармашылық және ақпараттық қолдау көрсетіліп тұратынын айтты.