Геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Сәтпаев 1899 жылдың 12 сәуірінде қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы) Имантай бидің отбасында дүниеге келген. Шын есімі – Ғабдулғани.
Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым, кейін Шорман ауылында орналасқан мектепке қатынай бастайды. Төрт жылдық бағдарламаны үш жылда аяқтайды.
Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академиктің геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол.
Ол төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері болған. Оның есімі институттар мен кен-металлургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Сондай-ақ, Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады.