28 ақпан 2018 жыл

Бүгін - өлең сөздің дүлділі Жамбыл Жабаевтың туған күні

Бүгін - өлең сөздің дүлділі Жамбыл Жабаевтың туған күні

Бүгін - өлең сөздің дүлділі, жырау, жыршы, жүз жасаған ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың туған күні
Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанда қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде Жапа деген елге қадірлі адамның отбасында дүниеге келген. Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылық қызметі өте күрделі. Ол жүз жасап, екі дәуірді басынан өткерген. Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең-жырға арнаған. Сонымен бірге Жамбыл туысқан қырғыз елінің сөз өнерін де жетік біліп, Тоқтоғұл, Мұраталы, Әлімқұл, Балық, Тыныбек, Қатаған сияқты дүлдүлдермен өнер сайысына түсіп, ел ішіне ерте танылған. 
Жамбылдың шығармашылық өмірі 19-ғасырдың 70-жылдарынан басталған. Бұл  қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Ал, ақындық айтысқа 17-18 жасында араласып, көптеген өлең-жырларын, «Көрұғлы», «Өтеген» сияқты дастандарын да сол тұстарда жырлай бастаған. Ақынның  шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып, дүние жүзіне тараған. Көзінің тірісінде-ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі. Қазіргі таңда ұлы ақын Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше ауданына, бірқатар елді мекендеріне, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына берілді. Қазақ халқы Жамбылдың 100, 125, 150 жылдық тойларын халықаралық деңгейде атап өткен болатын.

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!