09 ақпан 2018 жыл

Бүгін - лирик ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Бүгін - лирик ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні

 

Балалар, бүгін - қазақтың маңдайына біткен лирик ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Ол 1931 жылы 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойылған аты - Мұхаммедқали. Әкесі қарапайым шаруа адамы. Колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады.  

1949 жылы   оның  «Советтік шекара» газетіне  «Қырман басында», «Қойшы бала – Әкітай» деген өлеңдері жарияланады. Сондай-ақ, ақиық ақын 1957 жылы - Республикалық радиода диктор қызметін атқарады, 1960-1962 жылдары  «Советтік шекара» газетінің бөлім меңгерушісі,1963-1965 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» журналында жұмыс істейді. Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.

Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры - туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін ақын нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өз туындыларын жарыққа шығарған. Ақынның әдеби мұрасын зерттеуде 3 кандидаттық диссертация қорғалған. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін ҚР Жазушылар одағы Мұқағалидің атындағы әдеби сыйлық тағайындады, оған ҚР Мемлекеттік сыйлық, «Ғасыр ақыны»  атағы берілді. 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде мұражайы ашылды. Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында Мұқағалиға арналған ескерткіш бар.

Мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын.

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!