14 қараша 2024 жыл

🔹«Balapan» телеарнасының 2025 жылға арналған анимациялық жобаларының ашық талқылауы өтті

🔹«Balapan» телеарнасының 2025 жылға арналған анимациялық жобаларының ашық талқылауы өтті

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Balapan» телеарнасы бүгін анимация өндіруші компаниялармен ашық талқылау өткізді. Компаниялар «Balapan» арнасының алдын ала ұсынған тақырыптық бағыттары бойынша 28 жобаның таныстырылымын жасады. Конкурсқа жалпы саны 70 компаниядан 100-ге жуық өнім келіп түсті.

✔️Анимациялардың тақырыптық бағыты ретінде балалар арасындағы киберқауіпсіздік, балалар құқығын қорғау, салауатты өмір салты, экологиялық мәдениет, ұлттық фольклор мен ұлттық тұлғаларды танытуға бағытталған жобаларға басымдық беріліп отыр.

Мысалы, «Galeon Media» студиясы «Сұлтан Бейбарыс» жайлы анимациялық туынды ұсынса, «Dala animation» студиясы жас табиғат зерттеушілері жайлы «Ақылды тентектер 2» жобасын, ал «Balapan» көрермендеріне танымдық мультхикаялар өндіруде тәжірибесі мол «Сақ» киностудиясы бұл жолы салт-дәстүрді дәріптейтін «Асықтар» анимациялық жобасын ұсынды.

✔️Отырыста одан бөлек, «Anyz Film» ЖШС, «Qazart media» ЖШС, «IDEA cinema» ЖШС, «ASD production» , «Адырна», «Ырысы Ақ Қазақстан», «Juma Carton Media» компанияларының ұсыныстары қаралды.

«Корпорация мен анимация өндіруші компаниялардың ортақ мақсаты - балаларға арналған өзге тілдердегі ақпарат ағынына төтеп бере алатындай ана тіліміздегі балама контент ұсыну. Себебі телеарна ашылған осыдан 14 жыл бұрынғы уақытты айтпағанда, соңғы бес жылда балалар аудиториясының таным-талғамы мен сұранысы айтарлықтай өзгерді. Біз сол сұраныстарға уақытылы бейімделуіміз қажет»,- деді «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

✔️«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жыл сайын 350 серияға жуық анимациялық жоба түсіреді. Одан бөлек, 1300 бөлімге жуық шетелдік үздік деген анимациялық мультфильмдерді қазақ тіліне дубляждайды. Оның ішінде Disney, Discovery, Hasbro studios, Acamar Films сияқты әлемдік компаниялардың өнімдері бар.

Бүгінгі өткен ашық питчинг қорытындысы жыл соңында жарияланады.

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!