«Тәй-Тәй» Шоу

Сипаттамасы

Бағдарлама 3 кезеңнен тұрады. Әр кезеңде әртүрлі жас ерекшеліктегі бүлдіршіндер және олардың ата-аналары қатысады. Жүргізушілер комментатор ретінде де қатысушылардың бағдарлама барысындағы іс-әрекеттеріне түсінік беріп отырады.

Жанкүйерлер бөлмесінде әр кезеңнің жеңімпаздарын жекелей марапаттап отырады. Жанкүйерлер ойын барысын экраннан бақылайды. Бағдарламаны ұтып шығу үшін бүлдіршіннен күш, жігер, концентрация қажет етіледі.

1-кезең:

Енді еңбектеп жүрген сәби 15 метр жерде тұрған анасына 90 секунд ішінде жетуі тиіс. Бірақ, барар жолда кедергі ретінде еліктіретін заттар болады:

  • ТВ аймақ (бұл аймақта қызықты мультфильмдер қосылған бірнеше теледидар тұрады);
  • Ойыншықты аймақ (әртүрлі қимыл жасайтын қозғалыстағы ойыншықтар және аниматорлар);
  • Өз анасымен қатар өзге 20 ана.

Кім аз уақытта межеге яғни анасына дәл тауып жетсе, ата-анасына 50 000 теңге сыйақы беріледі. Бұл ана мен баланың арасындағы мығым махаббатын сынайтын кезең.

2-кезең:

Жүруге талпынған бала 20 метр жерді итарбамен (ходунок) анасының бағыт беруі арқылы жүріп өтіп, әкесін құтқаруы тиіс. Ирек бағыттағы жол бағанына ит арбаның жақтауын тигізбей мәреден өтуі шарт. Жол шетіндегі сары және күлгін жолақтар қауіпті аймақ болып саналады.

Бала қауіпті аймаққа шыққан сайын әкесінің жанындағы шарлар үрлене береді. Егер тиіп кеткен жағдайда әкесінің жанындағы бомба яғни үрленген шар жарылады және ол қатысушы үшін ойын аяқталады. Егерде берілген уақытта межеге бағаналарға жанаспай жетсе, ата-анасына 50 000 теңге сыйақы беріледі.

Бұл бала мен ананың бір тұтас болып, маңызды шаруаны ептілікпен атқаруы сыналатын кезең.

3-кезең:

Бұл кезеңге екі жасқа дейінгі бүлдіршіндер қатыса алады. Алдымен өз көлігін таңдап алуы керек және көлігін итеріп немесе өзі жүргізуіне ерікті. Жеңіске жету үшін қатысушы 30 метр қашықтықты 30 секунд ішінде ешқайда бұрылмастан, барынша жылдам жүріп өтуі тиіс, ал жеңімпаз 50 000 теңге сыйақы алады.  Бұл кезеңде де барар жолда кедергі ретінде еліктіретін заттар болады:

  • Ойыншықты аймақ (әртүрлі қимыл жасайтын қозғалыстағы ойыншықтар);
  • Тәттілі аймақ (әртүрлі тәттілер тізілген сөре, және оны ұсынушы аниматорлар);
  • Шарлы аймақ (аспанға ұшуға бейімделген шарлар).

Жарыс барысында қарсыластың көлігімен ауысуға, мәреден көліксіз өтуге болмайды.

Бұл бүлдіршіндердің белгілі бір мақсатқа жетуі үшін өзін-өзі басқара білуге қаншалықты дайын екендігі сыналатын кезең.

Жоба мақсаты:

  • Балабақшаға дейінгі бүлдіршіндердің белгілі бір мақсатқа жетуі үшін өзін-өзі басқара білуге дағдыландыру, бойындағы бәсекеге қабілеттілікті, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру;
  • Жас ата-аналарға баламен қарым-қатынастың, кері байланысты орнатудың әр түрлі нұсқаларын көрсете отырып, сәбилеріне деген тәрбиенің алғашқы қадамдарына әдістемелік нұсқау беру.
  • Бүлдіршіндердің бал қылықтарын көрерменмен бөлісу арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.

 

Жүргізушілері: Қазбек Қасым, Эсманур Қасым

Продюсері: Аслан Тойланин

Режиссері: Диас Әзімжанов

Жанры: ойын-сауықтық бағдарлама

Ұзақтығы: 30 мин 

Эфирге шығатын күні: әр сенбі

Тілі: қазақ тілі

Бағдарлама саны: 1-кезең - 24; 2-кезең - 24;

Аудиторисы: 0+

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!