Қазақ мультипликациясы тағы бір тың туындымен толығады

Фильм режиссерлері «мемлекет тарапынан қаржылық қолдаумен қатар, прокатқа шыққан кезінде қадағалау болса», дейді. Себебі, қазақ тіліндегі отандық өнім көрсетілім кезінде шеттетіліп жатады. 60 минуттық анимациялық фильмді жарыққа шығару үшін 3 жыл тапжылмай еңбек ету керек. 22 адамнан тұратын шығармашылық топ шамамен 85 мың сурет салуы тиіс. Фильмнің режиссерлері Тілек Тілеуғазы мен Тұрдыбек Майдан дайындық жұмыстары 2015 жылдың қыркүйегінде басталғанын айтты. Кадрлық тапшылық пен түрлі әкімшілік кедергілердің болуынан жұмыс тоқтап тұрыпты.
Анимациялық фильм 2017 жылдың тамыз айында дайын болмақ. Алайда, режиссер «прокатқа шыққан кезде отандық өнімге көңіл көбірек бөлінсе» дейді. «Мысалы Қытай елін алатын болсақ, олар өздерінің ұлттық фильмі шығатын кезде оны мерекеге туралап, прокатқа шығатын кезде шетелдің басқа фильмдерін сол айларда тоқтата тұру деген сияқты бағыттарды көрсетеді. Олар шетелдің киносы мен отандық өнімдерін салыстырып, жарыстырмайды», - деді «Мұзбалақ» анимациялық фильмінің режиссері Тұрдыбек Майдан.
Режиссердің пікірінше, шет елдік өнімдерге қарағанда отандық фильмдердің берері мол. Патриоттық сезімді оятып, дәстүрді дәріптеп, ұлттық идеологияны насихаттайтын бірден бір құрал - анимациялық фильмдер.
«Мұзбалақ» көрінісінің желісінде адамның бүркітті алғаш рет қолға үйретуі баяндалады. Онда қыран құстың қазақ арасындағы ерек орны мен қасиеті көрсетіледі.