Бүгін – «Балапан» телеарнасының туған күні

Бүгін қазақ телевизиясындағы тұңғыш балалар телеарнасы - «Балапан» 6 жасқа толды.
Телеарна «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамында 2010 жылдың 27 қыркүйегінде ашылды.
3-12 жас аралығындағы балаларға арналған арна 2012 жылдың 1 қазанынан HD форматта хабар тарата бастады. Бұл бағдарламалардың сапасын арттыруға ықпал жасады. Бүгінде телеарна 15 сағат бойы кабельдік, спутниктік жүйемен эфирге шығуда.
«Балапан» телеарнасы 6 жыл бойы көрермендеріне «Disney», «Nickelodeon», «ZDF Kids», «Mondo TV» және т.б. ең үздік мультипликациялық фильмдерін ұсынып келеді. Шетелдік контент синхронды дубляжбен қазақ тіліне аударылады. Оған танымал актерлер мен музыкалық бөліктерге хормейстерлер тартылды.
Телеарна «Томпақ», «Санжар мен Қайсар» атты балалар телехикаяларынан бөлек, бүлдіршіндерге «Алғыр алтау» интеллектуалды, «Шынықсаң, шымыр баласың!» спорттық-танымдық бағдарлама, «Әли мен Айя», «Сәлем, Астана!», «Көжектер», «Данышпан қарға» атты анимациялық мультхикаяларын ұсынуда.
Мега-жобалар қатарында «Балапан жұлдыз» (30 бөлім + 5 арнайы жоба) атты жоба бар. Жас таланттар байқауы
Сондай-ақ, телеарна жыл сайын «Айгөлек» байқауын ұйымдастырып, «Аялаған Астана» республикалық балалар байқауын тікелей эфирде көрсетті. Балалар арасында дәстүрлі түрде фокус-топпен кездесу өткізді.
Жаңа маусымда эфирде өтетін «Ойлан, тап!», «Бірге-бір», «1000 түрлі сұрақ» бағдарламалары көрермен назарына жаңаша нұсқада тікелей эфирге шығуда. Сонымен қатар, «Балапан news» әр жұма сайын «Балапан» телеарнасында тікелей эфирге жаңалықтар топтамасы шығады.
Айта кетейік, «Балапан» телеарнасы алтыжылдық мерейтойы қарсаңында 25 қыркүйек күні 10:00-ден 18:00-ге дейін Астанадағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында мерекелік шара өткізді.
Аталмыш шара «Алақай, туған күн!» тақырыбымен бүгін 13:20-да «Балапан» телеарнасы эфиріне шығады.