10 қараша 2021 жыл

«Balapan» арнасы анимациялық жобаларға ашық талқылау ұйымдастырды

«Balapan» арнасы анимациялық жобаларға ашық талқылау ұйымдастырды

Бүгін «Қазақстан» РТРК» АҚ «Balapan» телеарнасында 2022 жылға арналған анимациялық жобалар байқауы негізінде ашық талқылау өтті. 2021 жылғы 20 мамыр мен 10 қазан аралығында жарияланған байқауға 55 жоба келіп түсті.

Питчингте анимациялық компаниялар өз жобаларының маңыздылығы мен мақсатын жан-жақты баяндап, таныстыруға мүмкіндік алды. Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай: «Balapan» телеарнасы отандық анимацияны дамытуда үздіксіз еңбек етіп, сала мамандарының кәсіби легін қалыптастырды, бәселелестікті арттырды. Ендігі ретте басты назарда - сапа болмақ. Осы бағытта телеарнаның шығармашылық әлеуетін танытатын, халықаралық нарықта сұранысқа ие болатын бірнеше ауқымды мультхикаяны түсіруді қолға аламыз», - деді.

Ашық талқылауға отбасылық құндылықтар мен салауатты өмір салтын насихаттайтын, қазақ тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін, отансүйгішттікке баулып, жаңа технологияларды тануға үндейтін, балалардың танымын арттырып, шытырман хикаяларын баяндайтын анимациялық сериалдар ұсынылды. Ұсыныстар қатарында ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин жайлы, күміскөмей әнші Роза Бағланова мен даңқты боксшы Бекзат Саттарханов туралы, сондай-ақ, анимациядағы тренд тақырыптарға құрылған «Тотықұстар» және «Мақта қыз бен мысық» жобалары бар.

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!