06 тамыз 2021 жыл

Елордада өнер көрмесі өтеді

Елордада өнер көрмесі өтеді

Қыркүйек айының соңына дейін NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайының маңайында қала қонақтары мен тұрғындары үшін отандық және шетелдік атақты суретшілердің, мүсіншілер мен фотографтардың көрмелері, музыканттардың жанды дауысты қойылымдары өтіп жатыр, сонымен қатар кітапханалар, фото аймақтар мен гүл аллеясы ұйымдастырылған.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жобаны «QazExpoCongress» ҰК» АҚ мен Еуразиялық мәдени альянс жүзеге асыруда.

EXPO аумағында қойылған өнер туындылары аумақтың бірегей шығармашылық атмосферасын көрсетіп, заманауи ашық аспан астындағы галереяға айналдырды.

EXPO шығармашылық кеңістігінде Саид Атабеков, Арыстанбек Шалбаев, Молдақұл Нарымбетов, Мұрат Ділманов, Валерий Казас және Андрей Люблинский сияқты көрнекті қазақстандық және шетелдік суретшілердің 5 тұрақты және 7 уақытша туындылары, сондай-ақ бірқатар интерактивті объектілер бар.

12 авторлық заманауи өнер туындысы жаяу жүргіншілер ағыны, орын архитектурасы мен туындылар қойылған контексті ескере отырып орналастырылған. Бұлар Сәкен Нарынов («Уақыт пен кеңістікте», «Энергия сиқыры»), Марк Форнес («Minima/Maxima») және Эндрю Роджерс («Ашылмалы энергия») сияқты суретшілердің қолданыстағы 4 мүсінін толықтырып, Орталық Азиядағы мүсіндердің ең үлкен бірегей саябағын құрайды. Көпшілік жиналатын кеңістіктегі өнердің маңызды критерийі оның қол жетімділігі болып табылады – әркім автордың идеясын тегін және кез келген уақытта тамашалап, өнермен қарым-қатынас жасауға мүмкіндігі бар.

Сонымен бірге, EXPO аумағында апта сайын көше музыканттарының әр түрлі қойылымдары өткізіледі. Көркем және заманауи әдебиеттің үлкен қоры бар екі интерактивті кітапхана жұмыс істеп тұр.

Жазғы іс-шаралар пандемия жағдайында өтіп жатқандықтан, іс-шаралар кезінде барлық қажетті қауіпсіздік шаралары сақталады.


Әлеуметтік желілерімізге қосыл!