24 мамыр 2021 жыл

Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебі ұйымдастырушылары мен кореялық агенттік өкілдері кездесті

Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебі ұйымдастырушылары мен кореялық агенттік өкілдері кездесті

«Ерекше білім беру қажеттіліктер бар балаларға арналған анимация мектебі» жобасының ұйымдастырушылары және Оңтүстік Кореяның Мультипликациялық фильмдерді насихаттау агенттігі өкілдерінің қатысуымен онлайн кездесу өтті. Жиынның мақсаты – ҚР АҚДМ мен «KOMACON» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде тәжірибе алмасу. 

Еске сала кетейік, бұл мектеп 2021 жылғы 12 наурызда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Қазақстан» РТРК» АҚ «Balapan» телеарнасының жанынан ашылған болатын.

 «Zoom» платформасында өткен кездесуде екі ел мамандары өзара сұхбаттасып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған әлеуметтік мектептерді дамыту жөнінде ой бөлісті. Айта кетерлігі, шетелдік әріптестеріміз мүмкіндігі шектеулі жандарды қосымша кәсіпке баулу ісін бұдан 10 жыл бұрын қолға алған. Осы уақытқа дейін ел аумағында 11 әлеуметтік мектеп ашып үлгерген.

 Агенттік мамандарының айтуынша, әлеуметтік мектептерді толығымен мемлекет қаржыландырады. Оқыту барысында бәріне ортақ оқу бағдарламасымен қатар, бір-бірінен ерекшеленетін арнайы әдістемелерді де пайдаланады. Басты ерекшелігі – балалар мен жасөспірімдерді негізгі екі топқа бөледі. Бірі – анимация өнеріне бейім, талантты жастардан, ал екіншісі – жалпы осы саланы орта деңгейде үйренгісі келетін оқушылардан тұрады. Ең бастысы, кореялық әріптестеріміз өздері қолданып жүрген оқу-әдістемелік құралдарды, оқулықтарды бізге де ұсынуға дайын. Болашақта екі ел арасындағы достық және шығармашылық байланыстарды нығайтуға ниетті екендерін жеткізді. 

Кездесу барысында қазақстандық мультипликатор мамандар елдегі алғашқы әлеуметтік анимациялық мектептің жұмыс барысын түсіндіріп өтті. Оқу бағдарламасына қатысты бірнеше сұрақ қойып, өздерінің дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқандарына көз жеткізді. Бір қуанарлығы, еліміздегі белгілі анимациялық кино режиссері, әлеуметтік мектептің негізгі оқытушыларының бірі Жәнібек Оразалы өзі тәлім беріп отырған оқушылардың арасында көп ұзамай өндіріске араластыруға болатын балалар бар екенін де айтты. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Орталық Азияда тұңғыш рет жүзеге асырылып отырған осы жобада оқушыларға Қазақстанмен қатар Жапония және Оңтүстік Кореяның ең үздік мультипликатор мамандары дәріс оқиды. Бұл мектеп ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік бейімделуіне атсалысып, жаңа дағдыларды меңгеруіне ықпал етеді. Сондай-ақ, үздік оқушыларды болашақта жұмыспен қамту мүмкіндігін де қарастырады. Бұл мектептің басты ерекшелігі сол, оқытушылар оқу курсы аяқталғаннан кейін де балалармен үнемі байланыста болып, ақыл-кеңес беріп тұрады. 

Мектепке еліміздің түкпір-түкпірінен 14-16 жастағы 30 бала іріктеліп алынды. Оқушылар алғашқы айда «Анимация негіздері» тақырыбындағы жалпы дәріске қатысып, анимация саласымен танысты. Одан кейін қызығушылығы мен бейіміне, мүмкіндігіне қарай бірнеше топқа бөлініп оқуға көшті.

Анимация саласы Қазақстанда кейінгі жылдары қарқынды түрде дамып келеді. Мультипликатор мамандар отандық кинонарықта зор сұранысқа ие. Сонымен қатар, бұл кәсіп физикалық дамуында ерекшеліктері бар адамдар үшін ыңғайлы екенін де айта кеткен жөн.

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!