«Астана аспаны» батпырауықтар фестивалі өтуде

Астанада ондаған батпырауық ұшырылды. Сарайшық көшесіндегі көпірдің жанында Есіл өзенінің жағалауында «Астана аспаны» батпырауықтар фестивалі өтіп жатыр. Шараға Франция, Германия, Испания, Нидерланды және Ресейден келген 70 жуық адам қатысуда, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы Мәдениет басқармасының мұрындық болуымен аталмыш шара елордада үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтарын 5 және 6 шілдеде сағат 12-ден кешкі 8-ге дейін шараны тамашалауға шақырамыз.
Шетелдік дизайнерлер елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына әдемі батпырауықтар ұсынады. Әлемде батпырауықтар ұшыратын басқа да фестивальдар бар – жарыстар, батпырауықтарды синхронды түрде ұшыру, – дейді «Астана аспаны» фестивалінің әкімшісі Қайсар Сабыбаев.
Ал кішкентай астаналықтар үшін шара барысында шеберлік дәрістері ұйымдастырылып, батпырауықтар жасау және ұшыру жолдары көрсетіледі.
Екі күнге жалғасатын фестиваль бағдарламасында елордалық «Американо» лайв-бенд, «Высокие братья & TallBrothers» мәскеулік көше театры, «Павана» Нидерланды театрының труппасы, сондай-ақ, диджейлер өнер көрсетеді, конкурстар мен батпырауықтар ұтысы өткізіледі.