Алматылық Марғұлан Байжақып Лас-Вегаста өтетін xалықаралық Мемориад Олимпиадасына жолдама иеленді

«Мега Интеллект» мектебінің оқушылары санаулы секундтардың ішінде 5 таңбалы сандарды ойша жүйрік есептеудің үздік үлгісін көрсетті. Олимпиадаға еліміздің түпкір-түпкірінен жергілікті жарыстардан жеңімпаз атанған 150-ге жуық бала қатысқан. Олимпиада шарты бойынша топ жарып, жеңіске жеткен жас жеңімпаз Қазақстанның атынан 2016-шы жылы Лас-Вегаста өтетін Халықаралық Мемориад Олимпиадасына жолдама алды.
Аталмыш Олимпиадада 81 есепті 40 минуттың ішінде мінсіз ойша орындап шығу Алматыдан келген 12 жастағы Марғұлан Байжақып үшін қиынға соқпаған. Ол осы жылдың қараша айында Лас-Вегаста өтетін xалықаралық Мемориад Олимпиадасына жолдаманы еншіледі. Ал, астаналық Мәди Ердәулет ІІ орынды алса, Степногордан келген Әзиз Камеледин ІІІ орынға ие болды. Бүлдіршіндердің барлығы кубоктарын «Халық қаһарманы» Айдын Айымбетовтың қолынан алды.
Айта кету керек, мемориад ол – математика, жылдам оқу, есте сақтау қабілеті бойынша түрлі олимпиадалар өткізетін жалғыз халықаралық ұйым. Мұнда әлемдік жарыстар 4 жылда бір рет ғана өткізіледі. «Мемориад» қоры бас бәйгеге медальдар мен сертификаттардан бөлек, ақшалай сыйлық тігеді.