13 сәуір 2018 жыл

«balapan» телеарнасы балаларға арналған «Менің Қазақстаным» конкурсын жариялайды

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан» РТРК» АҚ «balapan» телеарнасы барлық балаларға арналған  «Менің Қазақстаным» конкурсын ұсынады.

 

Елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық патриоттық видео-байқауына қатысуға еліміздегі әр баланың мүмкіндігі бар. Берілген тақырып аясында қатысушы өз ойымен бөлісіп, жүрекжарды лебізін жеткізеді.  

 

Жобаның мақсаты - өскелең буынның Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, өз елінің арқа сүйері, қоғамның маңызды бір бөлшегі екенін ұғындыру, жарқын болашаққа деген сенім ұялату, қуатты мемлекеттің тірегі, Отанына адал азамат болуға талпындыру, алғашқы қадамына бағыт-бағдар көрсету, ұмтылысына жол ашуды көздейді. 

 

Ойын баласына ой салар бұл жоба жас ұрпақтың азаматтық көзқарасын танытып, болашақты бала көзімен бір барлап шығуға мүмкіндік береді. Бүлдіршіндердің арман-қиялы,  келешекке  құрған жоспары, жас жүрегінен шыққан тілегі еліміз үшін маңызды  жаңа бастамалардың қозғаушы күшіне айналуы әбден мүмкін.

 «Менің Қазақстаным» республикалық видео-байқауына еліміздің барлық аймағынан  7-12 жас аралығындағы балалар қатыса алады.

Ол үшін үміткер  төменде көрсетілген сұрақтар бойынша өз пікірін білдіріп (1-жақта), бейнеүзік (ұзақтығы 1 минутқа дейін) түсіріп жолдауы тиіс. 

-Аты-жөнің? Жасың? Туған жерің?

-Еліңнің дамуына қалай үлес қосып жүрсің? (өнер-білім, спорт саласындағы жетістіктері, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытуы, қоршаған ортаға қамқор болуы, айналасындағы адамдарға көмектесуі)

-«Менің Қазақстаным...». Сөйлемді  жалғастырып, өз ойыңды жеткіз.

-Алға қойған мақсатың? Болашақта кім болғың келеді? Отаныңа қалай қызмет етесің?

Үздіктерді анықтау үшін арнайы сарапшы топ құрылып, іріктеу барысында қатысушының  ойын толық жеткізуі, тапқырлығы, ерекше қасиеттері, өнер, білім, ғылым және спорт салаларындағы жетістіктері ескеріледі.

Түсірілген бейнеүзіктерді +7 702 948 09 15 WhatsApp нөміріне  және Instagram желісінде @balapan_baiqau аккаунтына жолдай алады. Сондай-ақ, Instagram-дағы өз аккаунттарынан #balapanbaiqau, #balapan2018 хэштегтері арқылы видео жүктей алады.

Бейнеүзіктер 2018 жылдың  30-шы сәуіріне  дейін қабылданады.

Жеңімпаздар «balapan» арнасының бағдарламаларына қонақ ретінде шақырылып, Астананың мәдени нысандарымен танысып, бас қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасау мүмкіндігіне ие болады.

Әлеуметтік желілерімізге қосыл!