Басты Жаңалықтар «balapan» арнасының ұжымы мектеп оқушыларымен кездесті

«balapan» арнасының ұжымы мектеп оқушыларымен кездесті

«balapan» арнасының ұжымы  мектеп оқушыларымен  кездесті

Кеше «balapan» арнасының ұжымы Қосшы ауылында орналасқан №2 орта мектептің бастауыш сынып оқушыларымен кездесті. Арнамыздың бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы осы мектептiң оқушыларына «balapan alemi» акциясы жайлы толығырақ айтып, тележүргiзушiлердi таныстырды.


Бұл жолы кездесуге «Мүмкіндік» бағдарламасының жүргізушісі Нұрай, «Жас ғалым» бағдарламасының жүргізушісі Медеу және «Кім тапқыр?» бағдарламасының жүргізушісі Әдемі барып, оқушылардың қызықты сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, «Кім тапқыр?» бағдарламасындағы «Адасқан әріптер» ойынын ойнап, белсенді қатысқан балалар біздің арнаның арнайы сыйлығына ие болды. Ал осы шараның басы-қасында жүрген «balapan» телеарнасының директорының орынбасары Бақытгүл Орынбасарқызы сол жерде балаларға кастинг ұйымдастырды. Топ баланың ішінен дарынды балалар суырылып шығып кастингке қатысып, өнерлерін ортаға салды. Іс-шара соңында барлығы «Ертемір» мультхикаясының әнін бірге шырқап, жүргізушілермен естелікке суретке түсті.


Осыдан 5 жыл бұрын ашылған бұл мектепте 3500-ге жуық оқушы оқиды. 200-ден астам мұғалім қызмет етедi. Бастауыш сыныптарының саны 36 болса, ал бір ғана 4 сыныптың өзі 16 сыныптан тұрады. 


Оқушылары халықаралық, республикалық, аудандық байқаулардың жүлдегерлері. Сонымен қатар, 3 оқушысы біздің арнаның тележүргізушісі. 

Бөлісу