Басты Жаңалықтар Сарапшылар кеңесінің кезекті отырысы өтті

Сарапшылар кеңесінің кезекті отырысы өтті

Сарапшылар кеңесінің кезекті отырысы өтті

Бүгін «Қазақстан» РТРК» АҚ «balapan» телеарнасы 2019 жылға жоспарланған анимациялық фильмдер мен телесериалдарды іріктеу мақсатында Сарапшылар кеңесінің кезекті отырысын өткізді.

 

 

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай төрағалық жиынға белгілі кинотанушы, сыншы Нәзира Мұқышева, Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаментінің директоры Жұлдыз Сүлейменова, режиссер-аниматор Жәнібек Нұрбекұлы, корпорация төрайымының шығармашылық жөніндегі орынбасары Ильхам Ибрагим мен арна директоры Мақпал Жұмабай қатысты.  Сонымен қатар, көрнекті жазушы Жүсіпбек Қорғасбек пен мәдениеттанушы, сыншы Зира Наурызбай Алматы қаласынан онлайн байланысқа шығып, өз пікірлерін ортаға салды.

 

 

Биыл «balapan» телеарнасы жариялаған шығармашылық байқауға телехикая және анимация бағыты бойынша 60-тан астам өтінім қабылданды. Соның ішінде анимация бойынша 23, телесериал бойынша 7 жоба алғашқы іріктеу сынынан өтіп, сарапшылар талқысына ұсынылды. Сарапшылар жобалардың әрқайсысын мазмұндық, стилистикалық тұрғыдан жеке қарастырып, ой-пікірлерімен бөлісті. Жоба ұсынған компаниялардың техникалық әлеуеті де назардан тыс қалмады.

 

 

Айта кету керек, Сарапшылар кеңесі телеарна өнімдерінің сапалық көрсеткішін жақсарту мақсатында алғаш 2018 жылы құрылған болатын.  Кеңестің атсалысуымен өткен жылы 189 бөлімнен тұратын 10 анимациялық жоба және 3 телесериал жүзеге асырылды. Соңғы көрсеткіштерге сәйкес, былтырғы жылы сарапшылар іріктеген жобалар көрермен тарапынан жоғары бағаға ие болды. Олардың ішінде «Айдар», «Ертемір» және «Дала ойындары» секілді балалардың ықыласына бөленген телеөнімдер бар. Арнаның кішкентай көрермендері аталған 3 анимациялық сериалдың жалғасын биыл да тамашалайды.

 

Бөлісу