Басты Жаңалықтар «balapan» арнасы жаңа маусымын 10 қыркүйекте бастайды

«balapan» арнасы жаңа маусымын 10 қыркүйекте бастайды

«balapan» телеарнасы биыл 50-ден астам жоба жүзеге асырды. Арнамыз дәл қазіргі кезеңде сапалық тұрғыда жаңа сатыға көтерілді деуге негіз бар. 


Биыл біз әдеттегідей 1 телемаусым емес, 3 телемаусым әзірледік. Көктемгі, жазғы және күзгі маусым. Мақсатымыз – жыл бойы балалардың күнтізбесіне сай жұмыс істеу, соған орай эфирді жаңа контентпен жүйелі түрде толықтырып отыру. Көктемгі және жазғы маусымдарымыз сәтті жүзеге асты. Осы аралықта 20 жаңа жоба көрермендеріміздің назарына ұсынылды. Оның ішінде ІТ технологияға баулыған хабардан бастап, бүкіл ел аумағын қамтыған телеэкспедициялар болды.

 

Телекөрілім зерттеулерін, балалардың күнтізбесін, көрермен пікірін ескере отырып, маусым айынан бастап «balapan» арнасының көрсетілім сеткасына айтарлықтай өзгеріс енгіздік. Яғни, 4 блокты бағдарламалау орнына 2 блокты бағдарламалау жүйесін жүзеге асырдық. Бұл өз кезегінде эфирдегі телеөнімдердің қайталануын қысқартты. Нәтижесінде, арнамыздың рейтингінде тұрақты өсім байқалды.


«balapan» - жоғары көрсеткіштерімен салалық каналдар арасында 1-орында келеді. Арнаның негізгі аудиториясы – 12 жасқа дейінгі балалар. Дегенмен, «balapan» отбасылық арна деп сенімді түрде айтуға болады. Себебі, зерттеу нәтижелері аудиторияның орта жасы 29 екенін көрсетті. Сол үшін де аптасына 2 рет тікелей эфирге шығатын «Бала time» хабарын ұйымдастырып, арнамыздан «үлкендер уақытын» аштық. 


«balapan» телеарнасы осы күзгі маусыммен бірге концептуалды түрде толықтай жаңарады. Балалардың оқу маусымының басталуымен ағартушылық бағыттағы негізгі жобаларымыз жарық көреді. Балалардың бос уақытына арналған ойын-сауықтық бағыттағы ауқымды жобаларымыз да осы телемаусымда эфирге шығады. Соның қатарында 4 жаңа телехикая және 2 ситком бар. Ескере кететін жайт, жалпы телеарна тарихында 2 маусымға созылған 3 телехикая түсірілген болатын. 


Осы жылғы басты жаңалықтарымыздың бірі – анимация бағытына басымдық бердік. Салыстырар болсақ, арнамыз 7 жылда 25 анимациялық жоба түсірсе, биылдың өзінде 189 сериядан тұратын 10 анимациялық жоба түсірілуде. Оның 3-еуі бүгінгі таңдағы өзекті тақырып – супер қаһармандар туралы. Осылайша, «balapan» тұңғыш рет анимациялық ұлттық қаһарман жасау идеясын жүйелі түрде жүзеге асырып отыр.  Ал осы жылдың ең үлкен анимациялық оқиғасы – жазғы маусымда қазақ күйлеріне негізделген 20 фильмнен тұратын «Қоңыр қаз» жобасын көрермен назарына ұсындық. Бұл жобамыз республикалық, халықаралық кинофестивальдерге жолдама алуда. Сонымен қатар, 32 сериалы «Шахмат патшалығы» мультхикаясын жүзеге асырдық. Мультхикая халықаралық шахмат қауымдастығы үшін айтулы оқиға болып, шахматтан Ригада өткен Әлем чемпионатының ашылу салтанатында таныстырылды.  

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының телеарнамыздағы жалғасы ретінде еліміздің 80-ге жуық тарихи ескерткішін қамтып, 20-дан астам нысанның 3D моделін жасаған «Жұмбақ жер» археологиялық телеэкспедициясы жүзеге асты. «Алтын қазық» этнотанымдық реалити шоуы, ұлттық би өнеріне құрылған «Қос алқа» және ұлттық қолөнерімізді ұлықтайтын «Үйрен де жирен» жобалары түсірілуде. Күзгі маусымның негізгі тартуы да - осы ұлттық жобаларымыз.  Арнамыз өз саласының, өз ісінің хас шеберлерін контент жасау ісіне қосып, балалармен бірге эфирге шығаруда. Бұл - ғылыми, оқу-танымдық жобаларымыздың қағидасына айналды. Мәселен, «Шахмат патшалығы» жобасын халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовпен, «Жұмбақ жер» археологиялық жобасын PhD доктор, археолог Айбар Қасеналлинмен бірлесе жүзеге асырдық, дәл қазіргі кезде «Жас ғалым» жобасына Назарбаев университетінің оқытушылары жұмылып жатыр. Осы секілді мысалдар жетерлік. «balapan» арнасы әлемнің озық кинокомпанияларының анимациялық өнімдерін қазақ тіліне кәсіби дубляждап ұсынатын бірден бір телеарна. Атап айтсақ, биыл біз атақты «Disney» компаниясының 30-дан астам толықметрлі фильмін көрсетіп жатырмыз. Әрі әлемдік рейтингтерде алдыңғы лекте тұрған мультхикаялар да - біздің телеарнамызда.
Анонстан күзгі маусымда эфирге шығатын жобаларымыздың бір парасын көре аласыздар.

Бөлісу