«Менің Қазақстаным» байқауының жеңімпаздары Астана төрінде

Бұл – «Менің Қазақстаным» байқауының жеңімпаздары. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бұл бүлдіршіндер үшін біз кеше ұмытылмас әсер мен қуаныш сыйладық. Олар байқау шарты бойынша бір минуттық видео түсіріп, сол бейнеүзікте өздері туралы, тұрып жатқан жерлері жайлы, армандары мен өз елдеріне деген сүйіспеншіліктерін жеткізген болатын.
Байқауға Қазақстанның әр аймағынан 500-ге жуық бала қатысып, бақтарын сынады. Арнайы коммисияның шешімімен 16 бала жеңімпаз атанды.
Сол жеңімпаз балалар кеше Астананың мәдени нысандарымен танысып, бас қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасады. Алдымен, Ұлттық мұражайдан басталған саяхатымыз «EXPO» қалашығында, «Думан» ойын-сауық орталығында жалғасын тапты. Кешкісін балалар мен олардың ата-аналарына арналған мерекелік дастархан жайылып, байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Көңілді кеште дарынды бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би биледі.
Ал, жеңімпаз балдырғандар бүгін «balapan» арнасының бағдарламаларына қонақ ретінде шақырылып, арнамыздың танымал жүргізушілерімен танысты. Сонымен қатар, «Qazaqstan» телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасына сұхбат беріп, «Qazaq, Shalqar, Astana радиоларының студиясына барды. .