Астанада «Балалар кітапханасы» ашылды
Елордамыздағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан «Балалар кітапханасы» ашылды. Бұл іс-шара Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күніне, сонымен қатар, кітапхананың ашылуына 14 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Астанадағы ең ауқымды балалар кітапханасының ашылуында оқуда озат, әрі белсенді оқушыларға оқырман куәліктері табысталды.
Балалар тақырыбында қалам тербеп жүрген ақын, жазушы Баянғали Әлімжанов кітапхана қорына өзінің таңдаулы шығармалары мен әлі сатылымға шықпаған тың туындыларын тарту етті.
Бұл кітапханада жас оқырмандар қазақ және әлем авторларының түрлі жанрдағы еңбектерін оқып, өзара талдап, талқылай алады.
Кітапханада 10 000 данадан аса кітап және басқа да басылым түрлері бар. Әрбір қызмет көрсету залында оқырмандарға қажетті әдебиеттерді табуға, сондай-ақ, кітапхана технологиялары, электронды ресурстарды пайдалануға көмектесетін кітапханашылар, яғни кеңесшілер жұмыс істейді.