«balapan – бақытты балалық мекені» атты жаңа маусымның таныстырылуы өтті

«Қазақстан» РТРК» АҚ «balapan» телеарнасы жаңа маусымда көрермен назарына 9 жоба ұсынады. Бұл туралы 13 наурыз күні «Қазмедиа орталығында» өткен таныстырылымда мәлім болды.
Жиынға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен журналистер балаларымен бірге қатысты.
Алқалы шараның басты ерекшелігі – жаңа жобаларды «168 сағат» ақпараттық хабарының негізінде жас жүргізушілер өздері таныстырды. Бұдан бөлек, кішкентай қонақтарға арнайы базарлықтар таратылып, аниматорлар көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Көктемгі маусымда телеарна контенті ғылыми-танымдық, ақпараттық, отбасылық бағдарламалармен және тікелей эфирдегі ток-шоу секілді ішкі өнімдермен жаңарған. Атап айтқанда, balapan тарихында тұңғыш рет ата-аналарға арналған тікелей эфирдегі «Bala time» бағдарламасының тұсауы кесіледі. Жиналған көпшілік куә болған хабардың алғашқы түсіріліміне Парламент Мәжілісінің депутаттары Зағипа Балиева, Оразкүл Асанғазы және қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қонақ ретінде қатысып, балаға қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Эфир жүргізушісі – белгілі ақын Қалқаман Сарин.
Ерекше атап өтерлігі, бұл маусымда «balapan» арнасы ғылым саласына ден қойып отыр. IT технологиялардың қыр-сыры мен ғылыми тәжірибелер «Жас ғалым» атты жаңа танымдық бағдарламада көрініс табады. Ал әкесі мен ұлының арасындағы қызықты ойынға құрылған «Бала боп», танымал блогер аналар мен балалары қатысатын «Үйдеміз – үйренеміз» жобалары көрермендерге уақытты тиімді әрі пайдалы өткізудің үлгісін көрсетеді.
Сонымен қатар, өнер-білім, спорт салаларындағы үздік балалардың жеңіске жету жолын бақылайтын «Күнделік» бағдарламасы көрерменге жол тартады. Меймандарға таныстырылған кезекті бір жоба – «Қаламгер кітапханасы». Бұл хабар аты айтып тұрғандай, танымал ақын-жазушылардың кітапханалары мен үздік туындыларының жазылу тарихын таныстырады. Жаңа маусымдағы ерекше бағдарламалардың бірі – «Мүмкіндік». Бұл жобада балалар бір күнін түрлі кәсіп иелерімен, олардың жұмыс барысымен танысуға арнайды.
Тағы бір айта кетерлігі, көктемгі маусымда арнаның кішкентай жиһанкез көрермендері «Саяхатшы balapan» жобасына өздерінің шет елге саяхаты жайлы шағын бейнеүзіктер әзірлеп, жолдай алады. Осылайша балалар да арнаның контентін жасауға тікелей атсалысады.
«balapan – бақытты балалық мекені» тақырыбында өткен телемаусымның таныстырылымында ұсынылған жобалар 15 наурыздан бастап эфирден көрсетіледі.