«balapan» телеарнасының жүргізушісі Ақнұр Айболқызы Фариза Оңғарсынова оқуларында бас жүлдеге ие болды
Бүгін «Таңшолпан» бағдарламасының қонақжай студиясында «balapan» арнасының жүргізушісі, жақында өткен Фариза Оңғарсынова оқуларының бас жүлдегері, №74 мектеп гимназияның оқушысы Ақнұр Айболқызы сонымен қатар, осы үлкен байқауға дайындаған ұстазы Нұргүл Даривхан қонақта болды
«Фариза,Фариза жан, Фариза қыз» атты Республикалық Фариза Оңғарсынова өлеңдерін оқу және ақын өлеңдеріне жазған әндердің балалар мен жасөспірімдер байқауында «Көркем сөз» номинациясы бойынша марапатталған Ақнұр Айболқызы жарыста ақынның «Ауыл» деген өлеңін оқыған.
Естеріңізге сала кетейік, Республикалық деңгейдегі бұл байқау Алматы қаласында өткен. Екі күнге созылған жарысқа 500-700-ге жуық балалар қатысқан.
Сондай-ақ, бағдарлама барысында «balapan» арнасының кішкентай көрермендеріне жақсы таныс өнерлі қыз өлеңді мәнерлеп оқып берді.
«Болашақта журналист болуды армандаймын. Мені бұл сала қатты қызықтырады Үлгі тұтатын тұлғаларым өте көп. Соның бірі тележүргізуші, актриса Салтанат Қалиева апамызға қатты ұқсағым келеді»- дейді бүгінгі кейіпкеріміз.