Жаңа маусым тележобалары талқыланды

Ағымдағы жылы кішкентай көрермендердің назарына ұсынылатын тележобалар (мультхикаялар, түрлі жанрдағы бағдарламалар, телехикаялар) 17 ақпан күні сараптау тобының дәстүрлі отырысында қаралды.
Айта кетейік, жыл сайын балалар арнасының эфирінен көрсетілетін әрбір жоба психолог, педагог, жазушы, көпбалалы ана, композитор, анимация режиссері сынды сарапшылардың сынынан өтеді.
Биыл да сараптау тобы кәсіби біліктілігі жоғары мамандардан жасақталды. Байқау тәртібі туралы мәліметтер аутсорсинг компанияларға алдын-ала таныстырылды. Ал қатысу туралы өтінімдер 2017 жылдың 20 қаңтары мен 3 ақпаны аралығында қабылданып, жалпы саны 31 компаниядан 88 жоба ұсынылды. Байқау ережесі туралы құжатта көрсетілген талаптар ескеріліп, тың идеялар мен тұшымды тұжырымдамалар іріктеліп, 24 жоба байқаудың негізгі бөліміне өтті.Телехикая, оқу-танымдық анимация, музыка, юмор сияқты жанрлық бағыттар қамтылды.
Сараптау комиссиясының алдына 20 компанияның өкілі келіп, өз жобасының артықшылығы мен тиімділігін, балаға тигізер пайдасын дәлелдеп, қорғауға тырысты. Жобалардың ішкі мазмұны, тәрбиелік мәні, бала психологиясына әсері және техникалық мүмкіндіктерін таразылауда комиссия мүшелерінің талабы жоғары болды. Алты сағатқа созылған отырыста сұрақтар қойылып, өзара пікір алмасып, қызу талқылау жүріп, кәсіби сын да айтылды. Аутсорсинг компаниялардың қорғау барысындағы дайындығы, теленарықтағы тәжірибесі, ұсынған жобасының өзектілігі де ескерілді. Алдағы аптада байқау қорытындысы қатысушы компанияларға жазбаша түрде жолданады.
Бала үшін таңдау жасау – жауапкершілігі зор жұмыс. Дегенмен сарапшы топтың талғамы мен талабына сенім артамыз. Себебі әрқайсысы – қоғамда ерекше орны, бала тәрбиесінде мол үлесі бар тұлғалар! Болашағымыз үшін маңызды істің бастамасында қолдау көрсеткен сарапашыларымызға алғысымыз шексіз!