Универсиада - 2017. «Қанатыңды кең серпі!» (ВИДЕО)

XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада Алматы қаласында 29-шы қаңтар мен 8-ші ақпан аралығында өтеді. Универсиада жарыстары спорттың 12 түрі бойынша өтеді. Олардың арасында тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей (ерлер және әйелдер арасында) және керлинг ойындары бар.
Студенттік спорт тарихы 1905 жылдан бастау алады. Осы жылы АҚШ-та студент жастардың алғашқы халықаралық жарысы өтті. Алайда, Универсиада деген атау алған алғашқы спорт жарысы 1959 жылы Италияның Турин қаласында өткен болатын. Содан бергі кезеңде Универсиада әлемдегі ең айшықты халықаралық бұқаралық спорт және мәдени оқиғалардың біріне айналды.
1959 жылы Туринде өткен Универсиада жазғы спорт шарасы болды. Әлемдік додаға 45 елден келген 985 атлет қатысып, 7 спорт түрінен 60 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Бағдарламаға кірген спорт түрлері: баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика, теннис, семсерлесу, су полосы мен жүзу.
Алғашқы Универсиаданың қорытындысы бойынша жалпы есепте жергілікті Италия құрамасы жеңіске жетті. Олар 38 медальға ие болды: 18 алтын, 10 күміс, 10 қола. Екінші орынды 11 алтын, 8 күміс пен 5 қола жаулап алған КСРО құрамасы иеленді. Үшінші орын Германия Федеративтік Республикасына (6 алтын, 9 күміс, 10 қола) бұйырды.
Алматыда өтетін 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың тұмары ретінде сұңқар таңдалды. Тұмарды ұсынушылардың пікірінше, сұңқар жылдамдықты, жеңілдікті, күш-қуат пен жеңіске деген құлшынысты бейнелейді. Осы символға орай, Алматыдағы Универсиаданың ұранына «Қанатыңды кең серпі!» тіркесі таңдалды.