«Тоқты мен Серке»

Сипаттамасы

Тоқты мен Серкенің келесі маусымында жаңа кейіпкерлер пайда болады. Оның біреуі – Аю-десантшы. Басында береті, жолақ жейдесі бар (тельняшка). Бұқадан әбден таяқ жеген қасқырлар Аюдың көмегіне жүгінеді. Аюды мақтап Бұқаның етін жеуге шақырады. (Алдымен оны жеңу керек.) Жекпе-жекте Бұқа Аюдан қорқып қашып кетеді. Жеңгендеріне мәз болған Қасқырларға Аю шарт қойып, орындамаса өздерін жазалайтынын айтады. Қасқырлар Тоқты мен Серкеге хат жазып қорқытады... Олар хатта Бұқаның баласы Бұзауды әкеп берулерін талап етеді. Тоқты мен Серке бұл туралы Бұқаға айтады. Ашуланған Бұқа Аюға қарсы қайта шығады.

Тағы бір жаңа кейіпкер Ата мен Әженің қаладан келген немересі – Әпөк. Өте бұзық бала. Тоқты мен Серкеге күн көрсетпей, ығырын шығарады. Тоқты мен Серке Әпөктен құтылудың жолын іздейді. Олар өз дегеніне жеткенімен Әпөк қайта оралатынын ескертіп кетеді.

Тоқты Атаның «Шипагер» деген кітабын оқып алып Серкенің жаралы аяғын емдейді. Оны білген Қасқырлар да Тоқты емшіге келіп ауырып қалған Көкжалды емдетпекші болады. Олардың келе жатқанын көрген Тоқты мен Серке қорғанысқа көшеді.

Үшінші жаңа кейіпкер – Мысық. Ол – көзбояушы (фокусник) ретінде ел аралап жүріп, ормандағы Қасқырларға кездеседі. Сиқырлы қалпақтан (шляпа) әр түрлі қоян, көгершіндер шығарады. Мұны көрген Қасқырлар сиқырлы қалпақты қолға түсірудің амалына кіріседі. Олардың ойынша қалпақтан Тоқты мен Серке шығу керек.

Төртінші кейіпкер – күшік-Бөрібасар. Тоқты мен Серке Ата алып келген күшікті алғашында жақтырмаса да кейін бауыр басып кетеді. Күшік өскен соң бұларды Қасқырлардан қорғайды деп сенеді. Ал Қасқырлар күшікті ұрлап алып, оны Қасқыр етіп өсірмекші болады. Сонымен екі жақтан Күшікке талас басталады.

Осы оқиғалардың барысында – Бұзау, Сауысқан, Қоңыздар әр серияда көрініс тауып отырады.

Хронометражы: 6 минут

Серия саны: 15

Жанры: ойын-сауық, 3D анимация

Тілі: қазақ

Аудиториясы: -6


Әлеуметтік желілерімізге қосыл!